Шахтадағы апат: Мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсуде

Костенко шахтасында мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатыр. Бұл туралы Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

костенко шахтасы
Фото: Руслан Ғаббасов/Kazinform

«Шахтадан қаза болған 6 адамды шығардық. Енді бір сағаттың ішінде 11 адамды шығарамыз. Қазір шахтаның шығыс бөлігінен мерт болғандарды жоғары көтеруге дайындап жатырмыз. Апат кезінде кеншілердің денелеріне қатты зақым келген. Осының салдарынан олардың аты-жөнін анықтау қиынға түсіп жатыр», – деді Ж. Өкенов.

Бұл тұрғыда көз жұмған кеншілердің тұлғасын анықтауға біршама уақыт керек екенін айтты.

«Қазір табылмаған 13 адамды іздестіруге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Апат болған жерде өрт ауыздықталды. Қазір шахтада құтқарушылардың жұмысына қауіп жоқ», – деді директордың орынбасары.

Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр.

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар