Шахтаға өзім түсіп, жұмысшылар мәселесімен таныстым – Ұлытау облысының әкімі

Ұлытау
Фото: видеодан алынды

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында облыстағы өндіріс орындарында қауіпсіздік қалай тексерілетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Облыста ірі шахталар мен өндіріс орталықтары бар. Ондағы еңбек қауіпсіздігі қаншалықты сақталған? Көрші облыстағы ситуацияларды көріп отырмыз. Облыстағы жұмысшылардың қауіпсіз еңбек етуін қаншалықты қадағалап қарайсыз? Инфрақұрылым тозды ма, компаниялар жұмысшылар алдындағы міндеттемелерін орындауда, сіздерде тексеріс жүргізу құзыреті бар ма?», - деп сұрақ қойды бағдарлама жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан.

Өз жауабында әкім жалпы мемлекеттік органдарда тексеру құзыреті бар екенін, облыс әкімдігінде еңбек инспекциясы жұмыс істейтінін атап өтті.

«Өткенде өкінішке қарай, Сәтпаев қаласындағы шахтада бір адам көз жұмды. Осының бәрін еңбек инспекциясы тексеріп жатыр. Оған қоса, бізде Төтенше жағдайлар министрлігінің Өндіріс қауіпсіздігі департаменті бар. Олар да міндетті түрде тексереді және бізде арнайы мониторинг прокуратураның қатысуымен өңірлерде компания ішіндегі жұмыстың еңбек кодексі мен басқа да заңдардың талаптарына сәйкестігі тексеріліп тұрады. Әсіресе соңғы оқиғадан кейін бақылау тіпті күшейтілді. Былтыр және биыл көктемде Сәтпаев қаласында екі рет шахтаға түстім. Проблемаларды өз көзіммен көрдім, қазір тексеру жұмыстары жүріп, себебі анықталып жатыр. Мәселен, «Қазақмыс» корпорациясы қауіпсіздік пен техникаға көп мән береді. Қайғылы оқиғаларды болдырмауға компаниялардың өзі мүдделі», - деді облыс әкімі.

Бұған дейін Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облыс ретінде бөлінгелі қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндаған еді.

Соңғы жаңалықтар