«Шахтер» футбол клубын чехиялық маман Иржи Ярошик жаттықтыратын болды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл премьер-лигамен қоштасқан «Шахтер» футбол клубының директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысы өткізілді.
Клубтың баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, бұған дейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев клуб басшылығын сынға алып, команданы қазіргі дағдарыстан алып шығудың жолын табуды тапсырған.
Директорлар кеңесінің шешімімен клубтың жаңа атқарушы директоры тағайындалды, ол – Талғат Дүйсеков, табысты кәсіпкер, қоғам қайраткері және меценат. Спорт менеджменті саласында белгілі бір тәжірибесі бар. 2022-2023 жылдары ол Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына кіретін Асық ату федерациясын басқарған. Аз уақытта ұйымның құрылымын жаңартып, тұңғыш рет асық атудан Азия чемпионатын өткізген.
Оның басты міндеті – «Шахтерді» тығырықтан шығарып, клуб жұмысын қайта құру, тың күш беріп, әлеуетін күшейту. Облыс әкімінің тапсырмаларын ескере отырып, бір айдың ішінде клубтың даму стратегиясын дайындау.
Бұдан бөлек, клубтың жаңа басшылығына балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту міндеті жүктелді. Осыған орай, қалалар мен аудандарда «Шахтер» академиясының филиалдары ашылады. Келесі жылы жасөспірімдер мен жастар командалары арасында футбол туринирі өтеді, оның нәтижесі бойынша жас дарындар академияда оқуға іріктелетін болады.
Қазірдің өзінде клубтың жаңа басшылығы бапкерлік штабқа шетелдік мамандарды тарту бойынша келісімдер жасаған. Бүгін белгілі болғандай, негізгі команданы жаңа маусымға чех жаттықтырушысы Иржи Ярошик дайындайды.
Иржи Ярошик – кәсіби футболшы, ол Англияның («Челси» құрамында), Шотландияның («Селтик»), Чехияның («Спарта») және Ресейдің (ЦСКА) чемпионы болған. Испания Примерасында өнер көрсеткен («Сарагоса» мен «Алавес» сапында). Еуропаның жоғары дивизиондық чемпионаттарында кәсіби клубтарды жаттықтыруға құқық беретін UEFA PRO лицензиясы бар. «Шахтерға» келгенге дейін Чехия, Словакия, Словения мен Ресей клубтарында жаттықтырушы болған.
Жаттықтырушы міндетімен қатар Ярошик қарағандылық футбол мамандарының кәсібилігін көтерумен айналысады.
«Шахтер» командасы өз тарихында алғаш рет биыл бірінші лигаға түсіп қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақтөбенің» үздік үштікке табан тірегенін жазған болатынбыз.