Шахтинск және Саран қалаларында су тасқыны қаупі жоғары учаскелер тексерілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында су тасқынына дайындық жалғасуда. Өңір әкімінің орынбасары Ермек Алпысов және ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов Саран және Шахтинск қалаларының су тасқыны қаупі жоғары учаскелерін аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шахтинск және Саран қалаларында су тасқыны қаупі жоғары учаскелер тексерілді

Оның барысында реттеуіштердің шлюздері және Саран су қоймасының айналма арналарының жұмыс қабілеті тексерілді. Қар тазалау және су өткізу құбырлары мен канал тазалау жұмысы бағаланды.

Саран қаласында дренаж науаларын монтаждау және жабық үлгідегі нөсер кәрізін жөндеу бойынша жүзеге асырылған іс-шаралар қаралды.

2020 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде 500 метр дренаждық лотокқа монтаждау жүргізілді, «Саран-Қарағанды» жергілікті маңызы бар автожолының учаскесіне су өткізу құбыры орнатылды.

Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 11,6 шақырымнан асатын су бұру арналары тереңдетіліп, тазартылды.

Сондай-ақ, Шахтинск аумағындағы Саран-Шахан автожолының су өткізу қабілеті ұлғайды.

Аралау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға қар шығару, су өткізу құбырларын тазарту, материалдық-техникалық құралдардың қажетті қорын дайындау және су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша халықпен үгіт-насихат жұмысын жүргізу, жұмысты одан әрі күшейту тапсырылды.

Су тасқыны кезеңіне дайындық тұрақты бақылауда.

Естеріңізге сала кетейік, 2015-2020 жылдар аралығында облыста барлығы 220 шақырым қорғаныс бөгеті мен білік тұрғызылып, нығайтылды.

173 елді мекенде 76 шақырым өзен арналарында жағалауды нығайту, түбін тереңдету, түзету және кеңейту жұмысы жасалды.