Шахтинскіде үш жігіт пен 17 жастағы шетелдік бойжеткен қоғамдық орындарды бүлдірген

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қаладағы мүліктің бүлінгені түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланып, полицияның назарын аударды. Тексеру барысында оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталды. Олардың бірі көршілес мемлекеттің 17 жастағы азаматы болып шықты.

Шахтинскіде үш жігіт пен 17 жастағы шетелдік бойжеткен қоғамдық орындарды бүлдірген
Видеодан алынған кадр

Интернетте тараған бейнежазбадан Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы стадион мен бөбекжай-балабақша аумағында үш жігіт пен бір қыздың абаттандыру элементтерін қасақана қиратып жатқанын көруге болады.

Қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, оқиғаға қатысқан төрт адамның жеке басын анықтады. 18 және 19 жастағы үш жігіт ұсталып, сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицияның мәліметінше, олардың бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Төртінші қатысушы көршілес мемлекеттің 17 жастағы азаматы болып шықты. Оқиға кезінде оның ата-анасы Қазақстаннан тыс жерде болған. Кәмелетке толмаған қыз ұсталғандардың бірінің атына рәсімделген сенімхат негізінде жүрген. Осыған байланысты ол Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

— Кәмелетке толмаған қыздың көршілес мемлекеттің азаматы екені анықталды. Оқиға кезінде оның ата-анасы Қазақстаннан тыс жерде болған. Қыз ұсталғандардың бірінің атына рәсімделген сенімхат негізінде жүрген. Осыған байланысты ол Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, — деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.

Полиция қоғамдық орындар тұрғындар үшін жасалатынын және олардың қауіпсіз әрі қолайлы болуы керектігін еске салды. Өзгенің мүлкін қасақана бүлдіру заңда көзделген әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Бұған дейін Таразда вандалдар жақында ғана қайта жаңғыртылған кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды бүлдіргенін хабарлағанбыз.