Шахтинскіде имамдар боз кілемде белдесті

ШАХТИНСК. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Шахтинск қаласында қазақ күресінен «Имамдар барысы» турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шахтинскіде имамдар боз кілемде белдесті

«Бұл жарыстың басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту. Өскелең ұрпақ үшін де үлгі. Бұл өте қажет», - дейді Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков.

Шахтинскідегі облыстық турнирге өңірдің имамдары қатысты. Қазақ күресінен жарыстар бұған дейін бірнеше рет өткізілген. Алайда дін өкілдері мен теологтар арасында тұңғыш ұйымдастырылып отыр. Жарыс шартына сәйкес, оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бөлімшелерінің өкілдері ғана қатыса алады.

«Бүгінгі күні имамдар қоғаммен жақын болуы үшін рухани құндылықтардан бөлек, спортты да насихаттауы қажет. Біз көпке үлгі болуымыз керек», - деп қосты Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы.

Жарысқа 70 – 90 келіге дейінгі салмақтағы 37 дін өкілі қатысты. Палуандар жұпқа бөлініп күресті. Жүзден жүйрік шыққандар өзара мықтыны анықтады.

Нәтижесінде, 90 келі салмақ дәрежесінде Әсет Наурызбайұлы 1-орын алып, 100 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді. Ал 70 келі салмақ дәрежесінде Қарақаралы ауданының Жаңатоған ауылынан Қанат Мұхаммед жеңіске жетіп, дәл осындай көлемде ақшалай сыйлық алды.