12:27, 19 Наурыз 2017 | GMT +5
Шахтинскіде күйеуінің денесін бөлшектеген әйел 11 жылға сотталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Азаматтық күйеуін тұншықтырып, денесін бөлшектеп тастаған Шахтинск тұрғыны 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Үкімді жариялаған Қарағанды облысы қылмыстық істер бойынша арнайы маманданған ауданаралық сотының судьясы Исламхан Есенбаевтың айтуынша, сотталушы Наталья Хвостикова отбасылық жанжалдан соң азаматтық күйеуін тұншықтырып, бөлшектеп тастаған.
Сот 40 жастағы әйелдің өз азаматтық күйеуін, балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісін аяқ киімнің бауымен тұншықтырғанын анықтады. Содан кейін мәйітті ваннаға апарып, бөлшектеген. Қалдықтарын балконға шығарған. Балкондағы адам денесі мүшелерін көрген көршісі полицияға хабар берген.
Сот қаулысымен сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша айыпты деп танылды және оған жалпы режімдегі түзеу колониясына 11 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.