«Шәкәрімнің ар ілімі» атты ғылыми-танымдық кітап дүниеге келді
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты, философ қаламгер, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді КЕМЕЛ Шәкәрімнің өз шығармалары мен жазба деректер негізінде «Шәкәрімнің ар ілімі» атты ғылыми-танымдық кітап жазып бітірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шәкәрім Абай секілді дара әрі күрделі тұлға. Қазақ ақындарының ішінде Шәкәрімнің өлеңдері мен өзге де шығармалары алғашқылардың бірі болып баспа бетін көрген, сондықтан ол қазақ жазба поэзиясының негізін салушылардың бірі ретінде аталуы орынды.
Шәкәрім жүйесіз заманда өмір сүрген. Абайдың уақыты отаршылдық - бір жүйеге бағынған, белгілі бір талаптарға мойынсұнған заман болса, Шәкәрімнің кезі патша үкіметі мен большевиктер, алашордашылар үкіметі, одан кейінгісі зобалаң жылдарға ұласып, нағыз бейберекет, жүйесіз заманға тап келген. Шәкәрім өз дәуіріндегі қазақ елінің түсінік-танымының дәрежесін, әлеуметтік-мәдени тұрмысының жайын, халықтың психологиялық күйін, ой-сана деңгейін, әлемдік кеңістік пен уақыт ауқымындағы орнын, олардың өзге елдермен салыстыруға келмейтіндей деңгейде екенін жақсы түсінген. Осындай қилы заманның өзінде арлылықты, даналықты, білім-ғылымды бәрінен биікке қою арқылы рух биігіне жеткен Шәкәрімді туған халқы ешуақытта ұмытпақ емес.
Қаламгердің айтуынша, бұл зерттеу еңбек Шәкәрімнің ақындығы емес, оның интеллекті, ішкі жан дүниесі, парасаты мен пайымы, философиясына арналған. Бұл кітаптың басты мақсаты - Шәкәрімнің адамшылық пен арға негізделген сөз асылдарын халыққа жеткізу.
Кітаптың бірінші бөлімі Шәкәрімнің балалық шағы, жастығы мен жетілу жылдары, ағайын-туыстары, туған жер табиғаты деген тақырыптар төңірегінде өрбіген. Сондай-ақ бастапқы бөлімге Шәкәрім - Абайдың шәкірті, Ар ілімі, Даналық, Жалғыздық, Өлім сыры, Шәкәрімнің нақыл сөздері мен ойлары арқау болған.
«Шәкәрімнен соң» деп аталған екінші бөлімде Ақталу, Мәңгілік мұра, Шәкәрімнің тұстастары мен зерттеушілерінің сөздері тақырыптары қамтылған. Үшінші бөлім «Шәкәрім жолы» деп аталған.
«Бұл еңбек Шәкәрімді атай алмаған, тани алмаған уақытымызға салауат айтып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміздің жанғанын бағалап, асылымыздың қадірін біле түссек дегенді мақсат тұтқан. Бұл кітабымды жуырда жазып бітірдім. Енді бір баспаға ұсынуды жоспарлап отырмын»,- дейді Мырзагелді КЕМЕЛ.