Шәкен Айманов Алдар көсе фильмінде киген бөркін кімге сыйлады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Бүгін қазақтың әйгілі актері, режиссер, 1964 жылдан КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл. «Алдар көсе» туралы ең алғаш фильм түсіріп, кейіпкер бейнесін көрерменге жеткізген ұлттық киноның атасы сол картинада киген бөркін немере ағасы Шамат Мұзапаровқа сыйға тартқанын білесіз бе? Бүгінде бас киім Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақтаулы тұр.

Алдар көсе
Фото: Kazinform
Айманбұлақ
Фото: Айманбұлақ қыстауы. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

Ақбеттаудың баурайындағы «Айманбұлақ» жазығы Айдабол ұрпақтарының, соның ішінде атақты Шоң бидің қыстауы болған. Шәкен ағаның кіндік қаны тамған жер. Жалпы Айманнан 8 бала тарайды. Оның ішінде кенжесі Кенжетайдан Әбдікәрім, Шәкен (Шаһкәрім), Кәукен (Әбдірахым) дүниеге келсе, ағасы Мұзапардың Қапан, Шамат, Кәрімқұл, Қалкен есімді ұлдары болған.

Шәкен Айманов
Фото: Кенжетай Айманұлы. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен
Шәкен Айманов
Фото: Кенжетай ата Аймановтар әулетінде. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

Қазіргі күні Кереку қаласында тұратын Тоғжан Мұзапаров – Шаматтың ұлы. Ол Шәкенді бала шағында көріп, ағалық мейірімін сезінген жан. Биыл зейнет жасына жетіп қалған ағадан атақты режиссер жайында естеліктерімен бөлісуді сұраған едік.

Тоғжан Мұзапаров
Фото: Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

«Әкем Шамат Мұзапарұлы Шәкенге немере аға болып келеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Жеңіс күніне дейін жаумен арпалысқан. Ұзақ жылдар Риддерде еңбек етті. Сол тұста екі ағайындының (Мұзапар мен Кенжетайдың) балалары әр жерде білім алып жүрген ғой. Оларды оқыту үшін әкем барын салады. Екі үйдің балалары өте тату-тәтті, туысқандық байланыстары мықты еді. Баянауылдың Ақбеттауының баурайында «Айманбұлақ» деген әсем мекен бар, Шәкен ағаның дүниеге келген жері. Бүгінде ол жергілікті ұлттық парктің аумағына еніп тұр. Сол Ақбеттаудың бауырындағы жазықта Кенжетай атаның бөренеден салынған қыстауы болған. Кәукен ағаның айтуынша, Кенжетай атамыз әулетіне тартқан өнерлі, саятшы болған жан. Кенжетайдың сол шағын ғана үйінде әнші Қали Байжанов, Ысқақбай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахметқожа қиссашы, сауық сүйгіш ағасы Мұзапар (атамыз), інісі Қажымұрат, тағы басқа ел жақсылары жиналып, ойын-думанды қатты қыздырады екен. Шәкен ағаның кішкентайынан өнерлі, әнші, актер болып қалыптасуы осындай ойын-сауықтың арасында жиі болуынан болар. Әйгілі «Екі жиренін» бала шақтан айтқан. Біздің әкеміз қазіргі Торайғыр ауылында туған ғой. Ол кісі 1989 жылы дүниеден озды», - деп әңгімеледі ол.

Жас Шәкен
Фото: Жас Шәкен. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

«Алдар көсе» фильмі – Шәкен Аймановтың өзі басты кейіпкердің рөлін сомдаған ірі шығармаларының бірі. Сол картинада Алдардың басынан тастамайтын бөркі естеріңізде болар. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызының тері сіңген құнды жәдігерді Тоғжан Мұзапаров сонау бір жылдары Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорына тапсырған екен.

Алдар көсе
Фото: Ш. Аймановтың «Алдар көседе» киген бөркі. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен
найзатас
Фото: Найзатас тауы. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

Музей директоры Ербол Қайыровтың айтуынша, бұл бөріктің музей қызметкерлерінің қолына түскенге дейінгі тарихы да қызық. Кинорежиссер өзінің туған жері – Баянауылда 1969 жылы «Найзатас баурайында» фильмінің негізгі сюжеттерін түсіргені мәлім. Кейін Алматыда фильм түсіру жұмыстары аяқталады. Бірақ түсіру тобына қосымша көрініс қажет болып, олар Баянауылға қайта жол тартады. Сөйтіп, барлық шаруасын аяқтап, кері қайтып бара жатқанда Павлодар қаласына аялдаса керек. Мұнда немере ағасы Шамат Мұзапаровтың үйінде қонақ болған. Режиссер кетерінде «бірнеше фильмге түскен әйгілі бөрігімді тастап кетейін, менен кәде болсын» деп үй иесіне ұстатқан екен. Туыстары бөрікті көзінің қарашығындай етіп, көп жыл бойы сақтап келіпті. Осылайша, ол бүгінде халыққа ортақ естелікке айналып, көрген жанның есіне сонау 1965 жылы жарық көрген «Алдар көсе» фильмін түсіреді. Музей қорындағы құнды жәдігерлер қатарында Шәкен Аймановтың 1970 жылы Мәскеуде апатқа ұшырап, қаза болған сәтіндегі былғары тоны да сақталып тұр.

тон
Фото: Ш. Айманов қаза болған сәтте үстінде болған тоны. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

Бөрік жөніндегі естеліктерді ойына түсірген Тоғжан Мұзапаров әңгімесін одан әрі жалғай түсті.

«Мен бала кезімде Шәкен ағаны бірнеше рет көрдім. Алматыға талай мәрте қонаққа барып, сол үйде апталап жататынбыз. Бізді Медеуге, қаланың әсем жерлеріне апарып, қыдыртатын. 1968 жылы болуы керек, анам Жәмила Шүлембайқызы екеуіміз Алматыға кезекті рет барғанда қызметтік көлігімен Медеуге алып шықты. Ол жерде «Тақиялы періште» түсіріліп жатыр екен. Сонда көп қызыққа кенелгенім бар. Әйгілі Әлімғазы Райымбеков, Серке Қожамқұлов, Әмина Өмірзақова, өзге де актерлерді тұңғыш рет көрдім. Тағы бірде Шәкен аға мені үйде жалғыз қалмасын деп, бір подъезде тұратын әнші Роза Бағланованың пәтеріне тастап кеткені бар. Роза апайдың үйі үнемі тап-тұйнақтай болып тұратын. Ал Шәкен ағаның балаларға деген мейірімі керемет еді. «Әй, Тоқашбек, мұнда кел» деп еркелете атайтын есімімді. Ақжарқын мінезді, үнемі көңілді, күліп жүретін адам-тұғын. Дүние жимаған, барын аямайтын қарапайым жан еді, үш бөлмелі пәтерінен өзге мүлкі болмаған. Ал енді бөрік жайында айтар болсам, қайтыс боларынан бір жыл бұрын Павлодарға келді. Қалада қазіргі «Қазақстан» мейрамханасы бар, кино түсірушілердің барлығы сонда орналасатын. Ол кезде Керекудегі Иса Байзақов көшесінде жер үйде тұрамыз. Кино түсірушілердің барлығы топырлап біздің үйге қонаққа жиналады. Анам наубайханада жұмыс істеген, келген қонақтардың барлығын тамақтандырып, риза қылып жібереді. Сонда Шәкен ағамыз әкеме естелік болсын деп басына киіп жүрген бөркін тастап кетті. «Алдар көсе» фильміндегі бөрік екенін кейін білдік қой. Әкеміз қастерлеп төрге іліп қояды, ұсақ балалар қайдан біліппіз, әлгіні киіп алып ойнайтынбыз. Бірде Шәкен аға маған Франция елінен ішіне тәтті толтырылған паровоз ойыншығын алып келгені есімде. Әлгіні көрсетіп, көрші-қолаңның балаларына мақтанатынмын», - деп есіне алды.

Шәкен
Фото: Ш. Аймановтың актерлік шағы. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен
Шәкен Айманов
Фото: Ш. Аймановтың жұбайы Қадиша Жиенқұлова. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

Шәкен аға туған топырағына кино түсіруге келгенде ел-жұрт барлық кино түсіруші топты кезекпен қонақ етіп күтеді екен. Жаз бойы әлдебір туындыны түсіріп жатқанда баянауылдық тұрғын, «Қоңыр әулие» үңгірінде шырақшы болған Жұмат Құрманов түсіру тобының жылқысын бағыпты. Сонда оған Шәкен аға күніне 3 сом 50 тиын төлеп тұрған. Әрі кетерінде бір жылқыны соғымға байлап кеткен. Мұндай мырзалық Шәкен ағаға ғана тән болса керек.

Шәкен
Фото: Баянауылдағы ескерткіш. Т. Мұзапаровтың жеке архивінен

Керекуде кеңес өкіметі жылдары қазақ театры болмады. Ел-жұрттың ұлттық өнерге сусап отырған уақыты. Кейде Алматыдан Шәкен аға бастаған атақты актерлер гастрольдетіп Павлодарға келіп, қазіргі Чехов атындағы орыс театрын дүбірге толтырып, бірінен соң бірі пьесалар қояды екен. «Еңлік-Кебек», «Қыз жібек» қойылымдарын ересектер тұрмақ, балалардың өзі қызыға көретін кезең болған.

Соңғы жаңалықтар