Шәкен Айманов фильмдерін енді DVD-дискіден көруге болады
АЛМАТЫ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- 2011 жылдың 10 қаңтарынан бастап режиссер Шәкен Аймановтың фильмдер жинағынан құралған DVD-дискілері сатылымға түседі.
Жинаққа ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан, көпшіліктің сүйікті фильмдеріне айналған қазақтың ұлы режиссері Шәкен Аймановтың «Алдар-Көсе», «Тақиялы періште», «Ән шақырады», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры», «Атамекен» туындылары кірген.
Көрермен енді таспадан өз өтірігімен талай елдің санын қақтырған Алдар-Көсенің хикаяларын тамашалап, «Тақиялы періште», «Ән шақырады», «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі сүйікті әуендерін тыңдап, шытырман оқиғалы «Атаманның ақыры» фильмінің кейіпкерімен қайта қауышып, «Атамекен» фильмінің жан тебірентер оқиға желісін қайта еске түсіріп, қазақ киносының тұңғыйығына қайта бойлап шыға алатын болады.
DVD-дискідегі фильмдер жинағын еліміздегі, Ресей Федерациясының, Қырғызстан мен Өзбекстан аумағындағы «Меломан» дүкендер желісінен сатып алуға болады. Бір жинақтың таралымы - 10 мың дана.