Шакира Бішкекте алғаш рет концерт берді: шоуға Қазақстаннан да көп жанкүйер барды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік жұлдыз Шакира 18 қазанда Бішкектегі «Бишкек Арена» стадионында концерт берді. Әншінің Орталық Азиядағы алғашқы шоуына 33 елден көрермен жиналды. Олардың арасында Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген жанкүйерлер көп болды, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Шакира Бішкекте алғаш рет концерт берді: шоуға Қазақстаннан да көп жанкүйер барды
Фото: Әлеуметтік желіден

Концерт әншінің Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік турнесі аясында өтті.

Шакира көрермендерге өзінің танымал әндерін орындады. Олардың қатарында Hips Don’t Lie, Waka Waka және Whenever, Wherever композициялары бар.

Әнші концерттің басында көрермендермен қырғыз тілінде амандасып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

— Кутман кеч, Бишкек! Кандайсыңар? — деді әлемдік жұлдыз.

Кеш соңында Шакира көрермендерге жылы қабылдауы үшін алғыс айтты.

Концерт өтетін күні Қырғызстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Эдуард Кубатов әншінің шоуына арналған билеттердің түгел сатылып кеткенін мәлімдеді.

Бұған дейін Шакираның концерті Қырғызстанға шамамен 30 мың шетелдік турист тартып, ел экономикасына 30 миллион АҚШ долларына жуық табыс әкелуі мүмкін екені хабарланған болатын.