Шакираның Қырғызстандағы концертіне қанша турист барды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Эдуард Кубатов «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында әлемге әйгілі әнші Шакираның Бішкектегі концерті қалай өткені туралы айтып берді.
Ведомство басшысының айтуынша, Шакираның концертіне шамамен 43-45 мың адам жиналған. Оның 25 мыңы — 35 елден келген туристер. Көрермендердің басым бөлігі Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Ресейден келген.
Алдын ала есеп бойынша, шетелдік туристердің әрқайсысы билет, қонақүй, көлік, логистика, кафе мен мейрамхана шығындарына орта есеппен 900 доллардан жұмсаған. Нәтижесінде екі күннің ішінде Қырғызстан экономикасына түскен қаржы 20 миллион доллардан асқан.
Эдуард Кубатов келесі жылы «Бишкек Аренада» 12-15 ірі музыкалық, мәдени, этномәдени және спорттық іс-шара ұйымдастыру көзделіп отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта халықаралық ивент-компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, 18 қазанда жаңа «Бишкек Арена» стадионында әлемдік жұлдыз Шакираның Орталық Азиядағы алғашқы концерті Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік турнесі аясында өтті.