Шақшам - ашық аспан астындағы таңғажайып музей

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкенттің шығысында, 50 шақырым жерде Шақшам аулы орналасқан. Ерекше елді мекеннен әлі күнге дейін археологиялық олжалар, ескі заманның қару-жарақ сынықтары, тұрмыстық заттар, зергерлік әшекейлер, теңгелер табылып жатады. Біз Шақшам аулына арнайы сапармен барған ҚазАқпараттың меншікті тілшісінің тарихи мекеннен жасалған арнайы фоторепортажын ұсынамыз.

Шақшам - ашық аспан астындағы таңғажайып музей

Тарихтан сыр шертетін көне бұйымдар мұнда жетім қалмайды. Ауыл тұрғындары тауып алған археологиялық олжасын жергілікті жекеменшік музей иесі Данияр Хусановқа әкеп береді. Ол бала күнінен тарихқа, археологияға ден қойып, тарихи заттардан коллекция жинап келеді.

1994 жылы Даниярдың көршісі үй салмақ болып орнын тегістерде сонау ХІ-ХІІ ғасырларға тиесілі кәріз жүйесінің бөлшектерін тауып, қазып алады. Саз құбырлардың көп жері жойылып кеткенмен, қалған бөлігі жақсы сақталған.

Ауыл балалары да кейде ойнап жүріп көне бұйымдар тауып алады. Бірде сондағы мектеп оқушысы музейге жебенің ұшын әкеледі. Жебе табылған жерді қайта барып қазғанда, ХІ-ХІІ ғасырларда жасалған тағы бірнеше жебе табылады.


III-IV ғасырларда жасалған құмыралар Шақшам жерінен жиі табылып жатады.

Данияр Хусанов 17 кг күміс теңге салынған құмыраның табылу тарихы туралы тамсана әңгімелеп берді. Оны ғалымдар Шайбани ханның тұсында көміліп қалған болу керек деп жорамалдайды. Данияр құмыра толы күміс теңгенің бір бөлігін коллекциясында қалдырып, қалғанын мемлекеттік музейге тапсырыпты.

Жергілікті музей иесі мыс коллекциясын да мақтан етеді. Самаурындардың алуан түрі, XVIII-XIX ғасырларда мыс пен қоладан жасалған таңғажайып құмыралардың бірігейлігі көздің жауын алады.

Данияр Хусанов коллекциясының құнын шамалай алмайды. Өзінің айтуынша, XVII ғасырдың күміс құмырасын бір автомашинаға алмасуға болады. Өткен жылы үй-музейге келген неміс саяхатшысы осылай деген екен.

Дегенмен, Данияр коллекциясын сатқысы келмейді, керісінше тұтас музей ашуды жоспарлап отыр. Өйткені көне бұйымдарды үй жағдайында сақтағанда уақыт өте келе сапасы бұзылып, тозып кетуі мүмкін.