Шал ақынның кітабы жарық көрді

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Алматы қаласындағы «Асыл кітап» баспасынан «Шал ақын» атты кітап жарық көрді.
None
None
Бұл жинақта қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Шал ақын, яғни, Тілеуке Құлекеұлының жырлары мен ақынның шығармашылығы туралы ғалымдардың жазған зерттеу мақалалары жарыққа шығып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің» деп өзінің ақындық арыны жайлы айтып өткен ақынның артында мол мұрасы қалды. Тілеуке Құлекеұлы өзі өмір сүрген ортаның тынысын, күнгейі мен көлеңкесін дөп басып суреттей білген. Ақынның термелері сан ғасыр бойына ұрпақтардың санасына сіңіп, жүректерін тебірентіп келеді. Кітаптың бірінші бөлімінде ақынның қолда бар жырлары берілген. Екінші бөлімі ақын-жазушылар және ғалымдар Герольд Бельгер, Жұмат Тілепов, Рахманқұл Бердібай, Кәкімбек Салықов, Әнуар Дербісәлин, Ханғали Сүйіншәлиев, Шәкір Ыбыраев, Өмірзақ Айтбайұлы, Құбығұл Жарықбаев, Ғали Әбетаев, Жарасбай Сүлейменовтердің ақынның асыл мұрасы туралы зерттеулерге арналған. Кітаптың үшінші бөлімінде «На камни падал словно беркут я» деген айдармен орыс тіліне аударылған Шал ақынның бір топ өлеңдері жарияланған. Сонымен қатар осы жинақта Мұхтар Мағауин, Тайыр Мансұров және Шериаздан Елеукеновтың Шал ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы орыс тілінде жазған мақалалары көрініс тапқан. Бұл кітап мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровтың қолдауымен жарық көрген. Жинақты құрастырып, баспаға дайындаған ? Мәжіліс депутаты, танымал журналист Жарасбай Сүлейменов.«Шал ақын өмірде кездесетін келеңсіздіктерді уытты тілмен түйрей отырып, адалдық, әділдік сияқты асыл қасиеттердің туын биік желбіретеді. Замандастарын арлы, қайырымды болуға, білім қууға шақырады. Іңгәлап дүние есігін ашқан әр адамның өмір мұраты ? халқына адал қызмет ету екенін насихаттайды. Бір сөзбен айтқанда, ол өз заманының өзекті мәселелерін көтеріп, халқын ізгілікке үндеді. Осы тұрғыдан алғанда оның шығармашылығының Абаймен үндесіп жататын сәттері де аз емес. Демек, білімдіден шыққан сөз бүгін де өз оқырманын тауып жатса, оған біз қуануымыз керек», - дейді кітапқа жазған алғысөзінде саясат ғылымының докторы Тайыр Мансұров.Кітаптың көлемі 14 баспа табақ. Таралымы 5 мың дана.
Соңғы жаңалықтар