Шалғайдағы жұртшылық жол шығындары мен қаржылық мүмкіндіктерінің төмендігіне байланысты сапалы медициналық тексерулерден өте бермейді - Д.Назарбаева
АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Біз қатерлі ісік дертіне қарсы жұмыла жұмыс істеп, оның белгілерін алдын-ала анықтап, аурудың белең алып кетуіне жол бермеуіміз керек. Бұл жайында ҚР Президентінің тұңғыш қорының жетекшісі Дариға Назарбаева онкология мен радиология мәселесіне байланысты өтіп жатқан конференция барысында мәлім етті.
Д.Назарбаева қатерлі ісік ауруы елімізде белең алып отырғандығын және мамандарымыздың онымен үнемі күресіп келе жатқандығын айтып өтті. "Қазіргі күні мемлекет адамдардың өмірін сақтап қалу үшін көптеген істер атқаруда. Химиялық припараттар сатып алынуда, аудандық онкологиялық орындар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталып жатыр. Бұл дертке шалдыққандар саны біз қалағандай мөлшерде азаймаса да, төмендеу байқалуда", -дейді Д.Назарбаева.
Сонымен қатар ол ауылдық жердегі жұртшылық заманауи медициналық тексеріске әлі де қол жеткізе алмай отырғандығын жеткізді. "Шалғайда жатқан жұртшылық жол шығындары мен қаржылық мүмкіндіктерінің төмендігіне байланысты сапалы медициналық тексерулерден өте бермейді. Осы жайтқа орай "Асар-Береке" қайырымдылық қорын құрдық. Оның мақсаты - қаладан шалғайда жатқан ауылдық жердегі адамдарды медициналық тексерістен өткізіп, ауруларды алдын-ала анықтау", -деп атап өтті Дариға Назарбаева.
Қор өз жұмысын бірнеше бағытта жүргізеді екен. Бірақ ең бастысы қозғалмалы медициналық диогностикалық кешенді ашу болған. Өткен жылдың қыркүйегінде ҚР Тұңғыш президенті қорының демеуімен және Қазақстан-Ресейлік медициналық университеті, аумақтық денсаулық сақтау департаменттерімен тығыз байланыс орнату арқылы алғашқы қозғалмалы машина іске қосылыпты. Республикадағы алғашқы қозғалмалы диагностикалық орталық өз жұмысын шалғайдағы балабақша тәрбиешілерін, мүгедектерді, ҰОС және еңбек ардагерлерін қабылдаудан бастаған. Бұл машинаның тиімділігі сондай, онда науқастарға операция жасауға да болады екен.
"Бір жылдық жұмысы барысында мобильді диагностикалық орталық 15 мыңнан астам тегін емдеу жүргізіп, медициналық кеңес берді. Тексеру жүргізу барысында онкопатологияға шалдықты деген күдікпен 58 оқиға тіркеліп, 15-сі анықталды. Машина диагнозды дәл қоя білетін соңғы үлгідегі медициналық сандық құрылғылармен жабдықталған", - дейді Д.Назарбаева. Сондай-ақ ол жақында тағы бір машинаны іске қосқандықтарын жеткізіп, жергілікті меценаттар қозғалмалы диагностикалық орталықтардың көбейуіне атсалысса деген тілегін білдірді.