Шалқар Байбеков Абай облысы мәслихатының төрағасы болып сайланды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облыстық мәслихатының жаңа төрағасы болып Шалқар Байбеков сайланды. Ол бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Абай облысы мәслихатының кезектен тыс жиырма үшінші сессиясы өтті. Сессия барысында мәслихат депутаттарының шешімі бойынша жаңа төраға болып Шалқар Байбеков сайланды.
Облыс мәслихатының бұрынғы төрағасы Қуаныш Сүлейменовтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Белсенді қызметі үшін оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасы атынан Құрмет грамотасын тапсырылды.
Шалқар Заманбекұлы 1967 жылы Семей облысы Абай ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақстан мемлекеттік басқару Академиясын «Экономист» мамандығын, кейін Қазақстан мемлекеттік заң Академиясының «Заңгер» мамандығын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1988 жылы Семей облысы Жаңасемей аудандық Мемлекеттік сақтандыру инспекциясының аға инспекторы болып бастады.
1988-1999 жылдары Семей қаласы және Семей облысының салық инспекциясының бас мемлекеттік инспекторы, бөлім бастығы, Салық инспекциясының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
1999-2014 жылдары Павлодар қаласы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Астана қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, Астана қаласы Алматы ауданы бойынша, Қарағанды облысы бойынша, Астана қаласы Есіл ауданы бойынша Салық комитеттерінің төрағасы қызметінде болды.
2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болды.
2017-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының әкімі болып қызмет атқарды.
2022-2023 жылдары Абай облысы әкімінің орынбасары болды. Ал 2023 жылдың қазан айынан осы уақытқа дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында ақын Шәкәрім Құдайбердіұлына ескерткіш қойылғаны хабарланған.