Шалқар көлінің жанында үлкен туристік нысан салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Шалқар көлінің жанында үлкен туристік нысан салынбақ. Бұл жайында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Telegram-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шалқар көлінің жанында үлкен туристік нысан салынбақ
Фото: t.me/askhat_oralov_online

Ведомство басшысы арнайы ашылған орталықта азаматтарды қабылдаған.

«Мәдениет және спорт министрлігінің назарын талап ететін мәселелермен таныстым. Қабылдауда көтерілген тақырыптардың бірі Солтүстік Қазақстанда туризмді дамыту болды. Шалқар көлінің жанында үлкен туристік нысан салу жобасының авторларымен кездестім. Жоба 2019 жылдан бастап СҚО әкімдігімен бірлесіп әзірленіп жатыр, сондай-ақ «Kazakh Tourism ҰК» АҚ мақұлдаған. Алайда оны жүзеге асыру үшін қолайлы жер учаскесін бөлу қажет», - деп атап өтеді министр.

Министрдің айтуынша, бұл мәселе әкімдік құзыретінде және оны заңнамалық деңгейде шешу қажет. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен және Экология министрлігімен бірлесіп жұмыс істеуді талап етеді.

«Тағы бір мәселе — кәсіби гидтердің жетіспеушілігі. Мұндай кадрларды даярлау отандық туризмді дамытуда өте маңызды. Сондықтан біз бұл мәселемен де белсенді айналысамыз», - деді Асхат Оралов.