Шамалған станциясындағы айналма жол қашан салынып бітеді
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысындағы Шамалған станциясы айналма жолының құрылысы 70 пайызға аяқталған. Өңірге іссапары барысында құрылыс барысымен танысқан Көлік министрі Марат Қарабаев жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство сайтына сілтеме жасап.
Шамалған станциясындағы айналма жолдың ұзындығы – 6 шақырым. Қазіргі уақытта жобаның 70%-дан астамы іске асырылған. Жолдың төменгі қабаты бойынша 3 км және жоғарғы қабаттың 2 шақырымы төселген, эстакада мен 2 көпірдің құрылысы аяқталуға жақын.
Жол учаскесін 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланған болатын. Осы орайда, министр жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
«Бұл учаске Шамалған станциясындағы көлік ағынын төмендетуге ықпал етіп, кептелісті азайтуға және экологиялық жағдайға оң әсер етеді. Қазіргі таңда көлік қозғалысы ұзындығы 9 км автожолдың ескі учаскесі бойынша жүзеге асырылып отыр. Мердігерлердің алдына жылдың соңына дейін Шамалған бойынша жол қозғалысын қамтамасыз ету міндеті қойылды», - деп атап өтті министрлік басшысы.
Сондай-ақ, бүгін Марат Қарабаев «Сарыөзек-Көктал» (45-68 км) автожолының учаскесінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын бағамдап, «Қорғас» құрғақ портының жұмысымен танысты.