Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шәмші әндері ел өңірлерінде шырқалды: өнерпаздар композитордың туған күніне арналған челленджге қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — 15 тамыз — қазақтың көрнекті композиторы, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осыған орай еліміздің әр өңіріндегі өнерпаздар композитордың әндерін орындап, челленджге қосылып жатыр.

Шәмші әндері ел өңірлерінде шырқалды: өнерпаздар композитордың туған күніне арналған челленджге қосылды
Фото: Астана әкімдігі

Қызылорда облысы

Қызылорда облысында челленджді облыстық филармонияның әншісі Гаухар Бисекенова жалғастырды. Ол Шәмші Қалдаяқовтың «Қайдасың» әнін шырқады.

Өнерпаз әлеуметтік желідегі жазбасында бұл бастаманың мақсаты композитор әндерін орындаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

— Бүгінгі челлендж — ұлы композитор мұрасын жаңғыртып қана қоймай, Шәмші әндері арқылы өткен мен бүгінді, аға буын мен жас ұрпақты жалғайтын рухани көпір болмақ. Ендеше, Шәмші әлеміне бірге саяхат жасайық! Челленджді ән әлеміндегі барша өнер иелеріне жолдаймыз! Шәмші әні — халық жүрегінде. Шәмші мұрасы — мәңгілік әуен! — деп жазды Гаухар Бисекенова.

Өңірдегі музыкалық эстафетаны Жанкент ауылдық мәдениет үйінің кәсіпорын әдіскері Талап Мурзалиев те қолдады. Ол өзінің сүйіп тыңдайтын шығармаларының бірі — Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін орындады.

Өнерпаз ән арқылы қазақтың біртуар композиторының шығармашылығына құрмет көрсетіп, челленджді Лақалы ауылдық клубына жолдады.

Түркістан облысы

Түркістан облысында Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған ән челленджін Ордабасы аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, облыстық байқаулардың лауреаты Берік Сағатбекұлы жалғастырды. Ол композитордың «Арыс жағасында» әнін орындады.

— 15 тамыз — Вальс королі, Ән падишасы Шәмші Қалдаяқов ағамыздың туған күні. Осы мереке қарсаңында әндерінен челлендж жариялауды бастаймыз, — деп жазды өнерпаз.

Берік Сағатбекұлы ән айту челленджін барша мәдениет қызметкерлеріне жолдады.

Эстафетаны Оранғай ауылдық клубының әншілері де қабылдап, Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін орындады.

Ақмола облысы

Шәмші әндері Ақмола облысында да шырқалды. Целиноград аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілі Гүлайша Аманжол челленджге қосылып, композитордың шығармашылығына арналған музыкалық эстафетаны жалғастырды.

Целиноград ауданынан өнер қайраткері Саламат Мұқашев те челленджге үн қосты. Ол Шәмші Қалдаяқовтың анаға деген перзенттік махаббатты арқау еткен «Ана туралы жыр» әнін орындады.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысынан челленджге Осакаров ауданының композиторы әрі музыканты Анаргүл Наурызхан қосылды. Өнерпаз Шәмші Қалдаяқовтың әнін орындап, композитор шығармашылығына арналған эстафетаны жалғастырды.

Қарағанды қаласындағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің музыканты Мұса Ерден де Шәмші әнін орындап, челленджге қосылды.

Осылайша, Қызылорда, Түркістан, Ақмола және Қарағанды облыстарының өнерпаздары Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай оның әндерін қайта шырқап, музыкалық эстафетаны жалғастырып жатыр.