Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шәмші әндері жылдар өтсе де халық жүрегінде

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — халқымыздың сүйікті композиторы, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Сазгердің сырлы әндері халықпен бірге жасасып, уақыт өткен сайын өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Шәмші әндері жылдар өтсе де халық жүрегінде
Фото: Kazinform

Шәмші Қалдаяқовтың әндері — қазақтың музыкалық жадында өшпес із қалдырған мұра. Сазгер туған жердің тынысын, елдің рухын, махаббат пен адам жүрегінің сырын әуенмен өрнектей білді. Сондықтан оның шығармалары жылдар жылжып, ұрпақ ауысса да өз тыңдарманын жоғалтқан емес.

Шәмші әні барда қазақтың рухы бар

Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану PhD докторы, режиссер Асхат Маемировтың айтуынша, Шәмші есімі уақыт өткен сайын халықпен біте қайнасып келеді.

Асхат Маемиров
Фото: Асхат Маемировтің жеке мұрағатынан

— Шәмші әндері ұлттың қазынасына айналған, ешқашан ескірмейтін, өміршең шығармалар. Шәмші Қалдаяқов жүрекке ән қондырған композитор ғана емес, ұлы даланың өзін, тауымыз бен тасымызды, өзен-көлдерімізді, туған жердің бүкіл болмыс-бітімін өзінің әндеріне арқау етті, — дейді ол.

Шәмші Қалдаяқов
Фото: Музыкалық жас көрермен театры

Режиссердің пікірінше, Шәмші шығармалары белгілі бір өңірдің болмысын танытып, оның рухын көтеретін туындыларға айналған. Бұған «Ақерке Ақжайық», «Көгілдір Көкше», «Арқалықтың ақ таңы», «Шалқыған Шәуілдір», «Сыр сұлуы» секілді әндер дәлел.

— Осындай ұлы шығармаларды аға буын да, орта буын да, бүгінгі жас ұрпақ та сүйіп тыңдап, орындап келеді. Демек, Шәмші әндері ұлтты, халықты, елді біріктіруші үлкен рухани күшке ие, — дейді Асхат Маемиров.

Оның айтуынша, композитор шығармаларынан XVIII–XIX ғасырлардағы сал-серілер мен халық композиторларының мұрасындағы ұлттық үн мен сарын анық сезіледі. Бұл — қазақтың тамыры терең музыкалық болмысы мен бай дәстүрінің жалғасы.

Шәмші әндері жылдар өтсе де халық жүрегінде
Фото: Музыкалық жас көрермен театры

Шәмші әндерінің өміршеңдігін театр сахнасынан да көруге болады. Асхат Маемиров жетекшілік ететін Музыкалық жас көрермен театрында жетінші маусым бойы көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп келе жатқан қойылымдардың бірі — композитор әндері негізінде қойылған «Шәмші» мюзиклі.

Шәмші әндері
Фото: Музыкалық жас көрермен театры

Театр ұжымы Қазақстанның көптеген өңірін аралаған. Қай қалаға барса да, мюзикль басталған сәттен көрермен әнге қосылып, спектакль бойы бірге шырқайды. Әсіресе залдың лық толуы өнер иесін қуантады.

— Шәмші Қалдаяқовты Қазақстанның ән өнеріндегі жарқырап тұрған алтын тәжіміз деп есептеймін. «Ең жақсы көретін әніңіз қайсы?» деп сұраса, бір әнді бөліп айта алмаймын. Жүзден астам әнін жатқа білемін десем, артық айтқандық емес. Шәмші әндері менің шығармашылық әлеміме, ізденісіме үнемі шабыт сыйлайды, — дейді ол.

мюзикл
Фото: Музыкалық жас көрермен театры

Асхат Маемировтың пайымынша, жүректен туған дүние міндетті түрде жүрекке жетеді. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде де Шәмші әндері халықпен бірге жасай береді.

Жүректен туған ән халықпен бірге жасайды

Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева үшін Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығының орны бөлек. Әншінің композитормен бала күннен қалған жылы естелігі бар.

— Шәмші Қалдаяқовпен жерлес екенімді әрдайым қуанышпен әрі мақтанышпен айтамын. Ол — мен үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін орны бөлек ұлы тұлға. Шәмші Қалдаяқов Арыста біздің үйде қонақ болып, ата-анамызбен араласқан. Анамды «Ақ жеңешем» деп ерекше құрмет тұтатын. Сондықтан оның шығармашылығы маған ерекше жақын, — дейді әнші.

Нұржамал Үсенбаеваның репертуарында да Шәмші әндері айрықша орын алады. Ол «Арыс жағасында», «Қайықта» секілді шығармаларды ел ішінде де, шетелдегі үлкен сахналарда да орындап жүр.

Нұржамал Үсенбаева
Фото: Нұржамал Үсенбаеваның жеке мұрағатынан

— Шәмші Қалдаяқовтың 300-ге жуық әні бар. Оның көптеген әні халықтың жүрегінен мәңгілік орын алды. Сондықтан да оны «Қазақ вальсінің королі» деп атауы бекер емес. Ал «Менің Қазақстаным» әнінің еліміздің мемлекеттік әнұранына айналуы — баршамыз үшін үлкен мақтаныш әрі мәртебе, — дейді Қазақстанның халық әртісі.

Оның айтуынша, композитор халқына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Сазгер мұрасы халық жадында сақталып, келешекке жол тарта бермек.

Шәмшімен жүздесу — өнер жолыма шабыт берген сәт

Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясова да Шәмші Қалдаяқовпен байланысты естелігін ерекше ықыласпен еске алады.

Ол композиторды 1977-1979 жылдары Эстрада-цирк өнері студиясында оқып жүрген кезінде алғаш көрген. Сол жылдары ұстаздары студенттерге Қазақконцерт залында өтетін концерттерге тегін баруға мүмкіндік беретін.

— Бір күні «Шәмші Қалдаяқовтың концерті болады» дегенді ести сала, сабақтан жүгіріп шықтым. Сол концертте өзім көрген әншілердің ішінде Роза Бағланова, Сара Тыныштығұлова және Роза Рымбаева есімде ерекше қалыпты. Олар ән айтты. Ол кезде өзім ауылдан жаңа келгенмін, — деп еске алады Майра Ильясова.

Әншінің есінде сол кештің тағы бір ерекше көрінісі сақталған. Әрбір әнші өнер көрсетіп болған соң, Шәмші Қалдаяқов орнынан тұрып, оларға жылы сөзін айтып, алғысын білдіріп отырған.

— Өзі де ерекше жарқырап, қуанып отырды. Мен ол кісіні сол кезде бірінші рет көрдім, өкінішке қарай, соңғы рет көруім де сол болды. Кейде қазір ойлап қоямын, сол күні «жатақханаға қайтайын» деп кетіп қалсам, аңыз адамды көрмей қалатын едім. Осы бір сәт жадымда мәңгі қалды. Шәмші ағамен жүздесу маған шабыт сыйлап, өмірлік рухани азық болды, — дейді халық әртісі.

«Отырардағы той» — өнер жолындағы бағымды ашқан ән

Қазақстанның мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаеваның өнер жолындағы алғашқы үлкен қадамдарының бірі де Шәмші Қалдаяқовтың есімімен байланысты.

Отырар ауданының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жазылған «Отырардағы той» әнін лайықты орындайтын әншіні табу оңайға түспеген. Аудандағы Мәдениет үйінде орындаушыларды Шәмші Қалдаяқовтың өзі тыңдаған.

Хадиша Шалабаева
Фото: Хадиша Шалабаеваның жеке мұрағатынан

Әннің нотасын түсірген — Хадиша Шалабаеваның нағашы ағасы, өнердегі ұстазы Жақсылық Әбуов. Бір күні ол жиенін арнайы көлікпен алдырып: «Тез кел, Шәмші аға осында отыр, сен орындайтын бір әні бар», — деп композитормен кездесуге шақырған.

Ол кезде өнерге енді қадам басқан қаршадай қыз мектепте оқитын, нотаны да білмеген. Соған қарамастан Шәмші Қалдаяқов жас орындаушыға әнді ықыласпен үйретеді.

— Шәмші ағамыз «Мына жерін былай айтасың, мына тұсында әннің тынысын осылай жеткізесің» деп, әр сөзін, әр нотасын үйретті. Сол күні әнді орындап шыққанымда, өзі де риза болды. Бұл кездесу менің өнер жолымдағы маңызды сәттердің біріне айналды, — дейді ол.

1992 жылы Шымкентте өткен республикалық фестивальде Хадиша Шалабаева «Отырардағы той» әнін орындап, жүлдеге ие болады. Ол кезде шығарма Отырар ауданынан тыс жерлерде кеңінен танымал емес еді. Байқаудан кейін әнге деген көпшіліктің қызығушылығы артып, шығарма ел көлеміне кең тарай бастайды.

— Бұл ән уақыт өте келе Отырардың ғана емес, бүкіл қазақтың рухын көтерді. Өнер жолындағы алғашқы үлкен жетістіктерімнің бірі де осы әнмен байланысты. Кейін оның Шәмші ағамыздың соңғы әндерінің бірі екенін білдім, — дейді мәдениет қайраткері.

Шәмші Қалдаяқовтың әндері — бір ғана дәуірдің емес, бірнеше ұрпақтың рухани серігіне айналған мұра. Оның шығармалары біріне туған жерін еске салса, енді біріне өнер жолындағы алғашқы қадамын еске түсіреді. Ал кейбірі үшін сазгер әндері қуаныш пен сағынышты жеткізетін сырласқа айналған.

Сазгер шығармаларының өміршеңдігі де осында. Уақыт өзгеріп, талғам жаңарғанымен, Шәмші әндерінің әуезі мен ұлттық үні өз мәнін жоғалтқан жоқ. Керісінше, әр буын оның мұрасынан өзіне жақын сезімді тауып келеді.

Сондықтан Шәмші Қалдаяқовтың есімі қазақ музыкасында ғана емес, халық жадында да мәңгі жасай бермек. Оның әндері орындалған сайын сазгер мұрасы жаңғырып, қазақтың ән өнеріндегі биік дәстүр келер ұрпаққа жалғаса береді.