Шәмші Қалдаяқовтың әндері Нью-Йоркте алғаш рет шырқалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесіне арналған концертте қазақтың көрнекті композиторы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары Нью-Йорк тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Песни Шамши Калдаякова впервые прозвучали в Нью-Йорке
Фото: «Шәмші әлемі» қоры

Манхэттендегі «The DiMenna Center for Classical Music» концерт залында Шәмші Қалдаяқовтың 20 таңдаулы әні орындалған «The World of Shamshi» концерті өтті. Шығармалар қазақ және ағылшын тілдерінде шырқалды. Бұл залда классикалық музыка орындаушылары мен оркестрлер өнер көрсетіп, камералық концерттер өтеді.

«Әнім сен едің», «Ана туралы жыр», «Қайдасың», «Сыр сұлуы», «Бақыт құшағында» сынды танымал әндерді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері Мадина Ерланова, Тахауи Рахметов, Дамир Садуақасов, Фархат Кубиев және пианист-концертмейстер Алияр Өтетілеу орындады.

Песни Шамши Калдаякова впервые прозвучали в Нью-Йорке
Фото: Шәмші әлемі» қоры

Концертте композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен немерелері Абай және Нұрсұлтанның өнер көрсетуі ерекше әсер қалдырды. Іс-шараны «Шәмші әлемі» қоғамдық қоры Болат Өтемұратов қоры мен Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырды.

Америкалық көрермендер қазақ музыка мәдениетімен әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Shamshi 100» халықаралық мәдени жобасы аясында танысты. Нью-Йорк – композитордың шығармашылық мұрасы таныстырылған үшінші ірі қала.

Бұған дейін 21 қазанда Мадридтегі «Auditorio Nacional de Música» концерт залында Шәмші Қалдаяқовтың әндері алғаш рет испан тілінде шырқалса, 24 қазанда Париждегі орган залында композитордың шығармалары француз тілінде орындалды. Екі концерт те жоғары деңгейде өтті.

Песни Шамши Калдаякова впервые прозвучали в Нью-Йорке
Фото: «Шәмші әлемі» қоры

Шәмші Қалдаяқов 300-ден астам ән жазып, әрқайсысына өзіндік өрнек пен тарих сыйлады. Оның 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» әні кейін еліміздің мемлекеттік Әнұранына айналды.

2017 жылдың мамырында композитордың 90 жылдығына орай Бостондағы Гарвард университетінің алаңында Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні орындалды.

Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ музыкасын америкалықтарға танытып, екі елдің мәдени байланысына жол ашты.

Еске сала кетейік, бұған дейін «ХасСақ» қазақ этно-фольклорлық ансамблі Вашингтонда Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және АҚШ

Тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған концерт өткізгенін хабарлаған болатынбыз.