Шаңды және құмды дауылдар жиілеп барады
АСТАНА. KAZINFORM — Атқарылып жатқан қыруар жұмысқа қарамастан, жердің тозуы мен шөлейттену қаупі әлі де сейілмей отыр. Бұл жөнінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Өңірлік экологиялық саммитте мәлімдеді.
Ондай қауіп еліміздің орталық, оңтүстік және батыс аймақтарында байқалады.
Әсіресе, батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде құмды дауылдар жиілеген. Мұндай негізгі ошақтар ретінде Арал маңын, Мойынқұмды, Каспийдің солтүстігін және Ақтөбе облысын атауға болады.
— Бұл жерде әңгіме жергілікті емес, анағұрлым кең аумақты камтитын экологиялық мәселе жөнінде болып отыр, — деді министр.
Мәселенің ұзақ мерзімді әрі жүйелі шешімдері де қарастырылған. Мәселен, жердің тозуы мен шөлейтенуін тоқтату және алдын алу үшін орман жолақтары пайда болмақ. Олардың ені 60–100 метр аралығында болады және құмды дауылдар жиі соғатын аймақтарда өсіріледі.
Атап айтқанда, келесі аумақтарда орман жолақтары егіледі: Қармақшы — Әйтеке би тас жолы бойына; «Орталық — Батыс» тас жолының Торғайдан Ырғызға және Ырғыздан Қарабұтаққа дейінгі учаскелерінде; Шалқар — Қандыағаш теміржолы бойына; Жамбыл, Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекарасындағы Мойынқұм алабында.
Жоғарыда жазғанымыздай, орман жолақтарының ені 60–100 метрге дейін жетеді. Қажет болған жағдайда, яғни құмды дауыл қатты соғатын тұстарда осындай бірнеше жолақ параллель түрде қалыптастырылады.
— Бұл жобаның бірнеше салада тиімділігі бар, — дейді министр.
Кеңірек тоқталсақ, экологиялық пайдасы — жердің тозуы мен шөлейттену көрсеткішін төмендетеді; экономикалық ұтымдылығы — ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге оң әсерін тигізеді; әлеуметтік тиімділігі — жаңа жұмыс орындары ашылады және халықтың өмір сапасын жақсартады; инфрақұрылымдық пайдасы — тас жолдар мен теміржол желілерін, логистикалық дәліздерді қорғайды.
Айта кетейік, бұған дейін Арал маңындағы экологиялық ахуал қалай екенін жазғанбыз.