Шаңғымен тұғырдан секіруден ӘЧ: Сергей Ткаченко қола жүлдегер атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шаңғы спортынан Финляндияның Лахти қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Сергей Ткаченко тұғырдан секіруден «қоланы» жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Алтын медальді норвегиялық Томас Маркенг иеленді. Ол 252.1 ұпаймен жалпы есепте көш бастаған болатын.
Екінші орында 250.8 ұпай жинаған Германия өкілі Лука Роуз тұр.
Қазақстандық Сергей Ткаченко 248.9 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеген. Бұл әлемдік додада Қазақстан спортшылары жеңіп алған алғашқы жүлде екенін айта кеткен жөн.
Сергей Ткаченко 19 жастағы спортшы. Бұл оның мансабындағы ең үздік нәтижелердің бірі.