Шанхайда 36 адамның қазасынан кейін жаңа жылдық шаралар тоқтатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Шанхай қаласы басшылығы шамамен 36 адамның өліміне себеп болған Вайтань жағалауындағы ығы-жығы оқиғадан кейін барлық жаңа жылдық шараларды тоқтату туралы шешімін шығарды, деп жазды РИА Новости.
Бұдан бұрын қаза болғандар 35, жараланғандар саны 48 деп хабарланған болатын. Жергілікті билікке сілтеме жасаған South China Morning Post басылымының деректеріне сүйенсек, зардап шеккендердің ішінде 13 адамның жағдайы ауыр. Басылым деректерінде жаңа жылды тойламау туралы шешім ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Шанхай билігіне зардап шеккендерге қолдан келген көмектің барлығын жасау, болған оқиғаны тыңғылықты тексеру қажеттігі жайлы тапсырма бергеннен кейін қабылданды. Оқиға сәрсенбіде жергілікті уақыт шамамен сағат 23.35 минутта айтулы мерекелерде халық көп жиналатын Вайтань жағалауында орын алды. Болған жағдайдан кейін полицейлер жараланғандарды қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем көлігіне жеткізу үшін бір бірінің қолдарынан ұстап, тобыр тегурінін тоқтатуға тырысқан. Жергілікті БАҚ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің көпшілігі 20 жас шамасындағы жастар, оның ішінде колледж студенттері екенін айтады. Қайғылы оқиға себептері әзірге анықталған жоқ, куәгерлерге сілтеме жасаған бірқатар БАҚ ақпаратына сүйенсек, оқиға жақын жердегі 18-қабатты ғимараттың шатырынан доллар көшірмелерін лақтырған сәтте басталған. Полиция оқиғаға себеп болуы мүмкін аталған нұсқаны тексеріп жатыр.