20:40, 21 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Шанхайда қазақ тілі мен мәдениеті ұлықталды
БЕЙЖІҢ-ШАНХАЙ. ҚазАқпарат -Шанхайдағы ҚР Бас консулдығы Шанхай шет тілдері университетімен бірлесіп қазақ тілі мен мәдениеті апталығын өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өткізілген шараға Шанхай қаласы халық үкіметінің өкілдері, сарапшы ұйымдар, қазақ диаспорасы, университет ұстаздары мен қазақстандық студенттер, шетелдік дипломаттар және БАҚ өкілдері қатысты.
Апталықтың құрметті қонақтары қатарында қазақстандық және қытайлық сазгерлер Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхайдың қыздары болды.
Қазақстанның Қытайдағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға тоқтала келіп, біздің елдегі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, Мәңгілік ел идеясы туралы айтты.
Мәдени апталық аясында «Көшпенділер» және «Жау жүрек мың бала» фильмдері көрсетілді.