Шанхайда Криштиану Роналдудың алып мүсіні ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — 21 қараша күні Шанхай қаласындағы Нанкин көшесінде әлемдік футболдың жарқын жұлдызы Криштиану Роналдудың құрметіне арналған жер бетіндегі ең биік ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Сондай-ақ аңыз футболшының Қытайдағы алғашқы музейінің ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Shanghai Observer ақпараттық басылымы жазды.
Осы жылдың 5 қарашасында Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтағанын жариялаған еді. Ол құрама сапында 234 матч өткізіп, 146 гол соққан. Сондай-ақ Еуропа чемпионатының бір және Ұлттар лигасының екі дүркін жеңімпазы атанған.
Арада он шақты күннен кейін, Шанхайдағы Нанкин көшесінде футболшының биіктігі 7 метрлік мүсіні ашылды. Мүсінде Роналдудың жанкүйерлерге жақсы таныс голдан кейінгі қимылы — SIU бейнеленген. Жеті метрлік биіктік — футболшының жетінші нөмірлі жейдесінің ишарасы. Сонымен қатар бұл көрсеткіш Қытайға танымал Shanghai No.1 Department Store әмбебап дүкеннің 77 жылдық мерейтойымен де байланысты.
Мүсінмен қатар Роналду музейі де материктік Қытайда көрермендерге айқара есік ашты. Бұл әлемдік спорт жұлдызының Қытайдағы ірі сауда орталығында ашылған алғашқы жеке музейі.
Музейдің ашылу рәсіміне қатысқан футболшының ағасы Угу Авейру экспонат-жүлделердің айрықша мәніне тоқталды.
— Мен үшін де, Роналду үшін де бұл музей мен Шанхайда қойылған жүлделер тәртіптің, еңбекқорлықтың және табандылықтың көрінісі. Әрбір жүлденің тарихын көпшілікпен бөлісу — біз үшін теңдесі жоқ қуаныш. Оларды Қытай жанкүйерлері мен жұртшылығына таныстыруды зор мәртебе санаймыз, — деді ол.
Роналду музейінің аумағы 3 мың шаршы метрге жуық, кешен 10 тақырыптық бөлім мен 15 арнайы көрме кеңістігіне бөлінген. Онда футболшының Мадейра аралындағы балалық шағынан «Алтын допты» бес рет иеленген мерейлі сәтіне дейінгі спорттық жолы көрсетілген.
Көрме кеңістігінде Роналдудың туған жері Мадейра аралының макеті, Лиссабонның «Спортинг» клубындағы жаттығу бөлмесі мен жеке қонақ бөлмесінің, киім ауыстыру бөлмесінің және Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының алаңға шығар күмбезді есігінің 1:1 көшірмесі келушілерді таңдай қақтырады. Олар осы арқылы футболшының өмірі мен спорттық ортасын жақыннан танып-білуге мүмкіндік алады.
Музейге Роналдудың туған жерінен 50-ден астам жүлде, тарихи жейде мен футбол аяқкиімі жеткізілген. Олардың басым бөлігі Қытайда алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Экспонаттар қатарында 2008 жылғы «Алтын доп» жүлдесі, жаттықтырушысы Зидан мен командаластарының қолтаңбасы қойылған жейде, Португалия құрамасының Еуропа чемпионаты кубогы және алаңда жыртылған аяқкиім бар. Сондай-ақ Роналду Шанхайдағы музейге арнап қолтаңбасы қойылған жейдесін сыйлыққа жіберген.
Бұған дейін Футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі Роналдудың Португалия ұлттық құрамасындағы мансабы аяқталғаны туралы жазған едік.