Шанхайдағы 25-саммиттен не күтеміз
АСТАНА. KAZINFORM – 31 тамызда Қытай Халық Республикасының Тяньцзин қаласында «Шанхай рухын ілгерілету: ШЫҰ нақты әрекетте» тақырыбымен Ынтымақтастық Ұйымының 25-саммиті өтеді. Kazinform-ның бұл жолғы материалы осы маңызды кездесуге арналады.
ШЫҰ-ның заманауи келбеті
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына Қытай 2024-2025 жылдары төрағалық етеді. Осы кезеңде Бейжің ШЫҰ аясында 100-ден астам кездесу мен іс-шара өткізді.
Бүгінгі таңда ұйымның құрамына 36 млн шаршы шақырым аумақты алып жатқан, халық саны 3,4 миллиардтан асатын 10 мемлекет кіреді. Ұйым үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігі және халықаралық сауданың 15%-дан астамы тиесілі.
ШЫҰ-ға мүше елдерден басқа екі бақылаушы мемлекет Моңғолия мен Ауғанстан, сондай-ақ 14 әріптес мемлекет кіреді. Соңғы онжылдықта ұйымды Беларусь (2024 жыл), Иран (2023 жыл), Үндістан және Пәкістан (2017 жыл) толықтырды. БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АСЕАН, АӨСШК, ЕЭК және басқа да халықаралық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтетін Саммит аясында 20-дан астам мемлекет басшысы мен 10 халықаралық ұйым басшысы қатысады деп жоспарланған.
Тяньцзинь саммиті және ашықтық ишараты
Саммит бұл жолы Тяньцзинде өткелі отыр. Тяньцзинь қоғамдық ғылымдар академиясы зерттеу орталығының директоры Чэн Юнмин биылғы саммиттің Тяньцзинде өтуін қаланың ел дамуына қосқан үлесін мойындау деп қабылдауға болатынын айтады.

- Тяньцзинь – «Бір белдеу, бір жол» бастамасының стратегиялық түйіні. Бұл аймақта теңіз және құрлық маршруттары қиылысады. Қытай – Моңғолия – Ресей дәлізінен бастап, Қытай мен Орталық Азияны, Еуропаны байланыстыратын жаңа құрғақ өткелі өтеді, - дейді Чен Юнмин.
Сарапшының айтуынша, Тяньцзиндегі «Лу Бан шеберханасы» халықаралық білім беру жобасы ШЫҰ елдерінде білікті техникалық кадрлар даярлау ісіне үлес қосып отыр.
Тяньцзинь қоғамдық ғылымдар академиясының Азия-Тынық мұхит аймағы ынтымақтастық және даму ғылыми-зерттеу институтының директоры Тянь Сянлан Тяньцзинь Қытайдың солтүстігіндегі ең ірі порт қала екенін еске салды.
- ШЫҰ саммиті Тяньцзиннің дамуындағы маңызды кезең болады. Жаңғырту процесін жеделдетіп, халықаралық ашықтық деңгейін арттырады. Бұл қалаға сыртқы экономикалық байланыстар, өнеркәсіптік жаңару және өз брендін қалыптастыру саласында ұзақ мерзімді артықшылықтар алуға мүмкіндік береді, - деді сарапшы.
Күн тәртібінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі стратегиясы
Шанхайдағы кездесу қорытындысы бойынша екі негізгі құжатқа – «Мемлекет басшылары кеңесінің Тяньцзинь Декларациясына» және «ШЫҰ-ның алдағы онжылдыққа арналған даму стратегиясына» қол қою жоспарланып отыр. Бұл құжаттар ұйымның қызметін 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарлаудың негізі болмақ.

ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И ШЫҰ-ның дамуының бес басым бағытын атады. Олар:
- бастапқы ұмтылыстардан айнымай, «Шанхай рухын» алға оздыру;
- қауіпсіздікті бірлесіп қамтамасыз етіп, негіздерін нығайту;
- өзара тиімділікке қол жеткізу және дамудың жаңа қозғаушы тетіктерін іске қосу;
- тату көршілік қағидаттарын ұстана отырып, ортақ үйлесімді кеңістік құру;
- әділетті ту ете отырып, халықаралық құқық пен теңдікті қорғау.
ҚХР СІМ ресми өкілі Гуо Цзякун Тяньцзинь саммиті ШЫҰ-ны жоғары сапалы дамудың жаңа кезеңіне шығаратынына сенетінін білдірді.
- Бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғаннан бергі ең ауқымды саммит болмақ және Қытайдың ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңінің шарықтау шегі болмақ, - дейді дипломат.
Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитіне әлем көшбасшыларынан кімдер баратынын жазған едік.