Шанхайдағы жаппай қыспақ үшін полиция жауапкершілікті мойындады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай полициясы жаңажылдық түнде Хуанпу ауданында жиналған адамдар нөпірін ескермегенін мойындады, оның салдарынан 36 адам мерт болды.
Бұл туралы Росбалт хабарлады.
«Полиция сағат 23.20-ға қарай адамдар нөпірінің арта түсуіне дер кезінде араласпағанына өкінеді», - деп DW агенттігі Шанхайдағы Хуанпу ауданы полиция бастығының орынбасары Цай Лисиннің сөзін келтірген.
Мерекеге бір апта қалғанда қалалық билік адамдардың көптеп шоғырлануынан қауіптеніп Хуанпуда жоспарланған лазерлік шоуды алып тастаған болатын. Дегенмен онда 300 мыңнан астам адам жиналды. Жаңажылдық түндегі тәртіпті небәрі 700 құқық қорғау органдарының қызметкерлері күзетті, қыспақ басталғаннан кейін ғана оған тағы 500 полицей аттандырылды.
Цай Лисин жаппай сығылысу көп қабатты ғимараттардың бірінен жұртқа жүз долларлық ақшаға ұқсас жарнамалық купон лақтырылғаннан кейін басталды, деген уәжді жоққа шығарды. «Бұл үрей басталғаннан кейін болды», - деп атап көрсетті полицей.
Бұдан бұрын билік Шанхайдың басты туристік көрікті орындарының бірі болып саналатын Вайтань жағалауындағы қыспақ кезінде қаза болған 36 адамның 32-сінің тізімін жариялады. Баяндамаға қарағанда, олардың көпшілігі - әйелдер болған. Қазаға ұшырағандардың арасында кәмелетке толмаған екі жасөспірім бар, олардың біреуі - 12 жаста.
Әуелі БАҚ-та қыспақ биік үйлердің төбесінен ондаған долларлық банкноттар лақтырылғаннан кейін басталды деп хабарлады. Желіде қайғылы қыспаққа себепші болған осы «ақша белгілерінің» суреттері пайда болды. Доллар купюраларының көшірмелеріне «Бақытты 2015 жылмен!» деген жазулар жазылған.