Шанхайлық компаниялар Astana Hub-қа шақырту алды

ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Шанхайда Қазақстан Республикасының вице-премьері Асқар Жұмағалиев 5G-технологияларды жасау және «ақылды қалалар» жүйесін дамыту саласындағы алдыңғы қатарлы телекоммуникациялық компаниялардың және ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі. 

Шанхайлық компаниялар Astana Hub-қа шақырту алды

Қазақстандық делегация «R&D Nokia Shanghai Bell» инновациялық өңдеулер орталығының президенті Синь Юаньмен кездесіп, лабораториядан шыққан алдыңғы қатарлы технологиялармен танысты.

Сондай-ақ, А.Жұмағалиев Huawei және «ақылды қалаларды» зерттеу жөніндегі Пудун Академиясының басшылығымен кездесті. Отырыс барысында Қытай билігі электрондық үкімет, смарт-сити жүйелерін дамытудағы тәжирибесімен алмасып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын талқылады.

Вице-премьер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы шанхайлық компаниялар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын Қазақстанда құрылып жатқан Astana Hub - IT-стартаптары халықаралық технопаркінің жұмысына атсалысуға шақырды.

Еске салайық, Шанхайға бір күндік жұмыс сапарымен келген А.Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация «Қазақтелеком» АҚ қатысатын Халықаралық мобильдік конгреске барған болатын. Вице-премьердің қатысуымен қазақстандық оператор және Nokia компаниясы арасында Қазақстанда 5G желісін тестілеу жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

А.Жұмағалиев Шанхай қаласының вице-мэрі Сюй Куньлинмен келіссөз жүргізіп, Шанхай билігін Астанамен цифрлық салада тәжірибе алмасуды күшейтуге шақырды.