«Шапағат» орталығында 34 қариядан коронавирус анықталды, екі адам қайтыс болды

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Ақмола облысындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 34 қарттан және олардың күтімімен айналысатын 1 қызметкерден коронавирус анықталды. Тағы 2 адам індеттен көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.

«Шапағат» орталығында 34 қариядан коронавирус анықталды, екі адам қайтыс болды

«Ақмола облысы Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Нұр-Сұлтан қаласынан 5 км жерде, Целиноград ауданындағы Аққайың ауылында орналасқан. 16 наурыз күні карантин жарияланған уақытта Орталықта қамқорлыққа алынған 147 адам (азаматтардың орташа жасы – 75) болды. Сол жерде жұмыс істейтін 74 адамның 51-і демалыс пен қашықтан жұмыс істеуге жіберілген. 2 сәуір күні 1947 жылғы азамат қайтыс болды. 6 сәуірде 1929 жылы туған әйел адам өмірден өтті. Екеуінде де коронавирус белгілері болмаған, індет қайтыс болғаннан кейін анықталды», - делінген ақпаратта.

Осы оқиғаға байланысты Ақмола облыстық Қызметтер мен тауарларлың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізген.

«Байланыста болған адамдар анықталып, COVID-19-ды анықтау бойынша лабораториялық тексеру жүргізілді. Инфекция жұқтырғандармен қарым-қатынаста болуына байланысты барлық қызметкерлер мен қамқорлыққа алынған азаматтардан қан талдауы алынды. ПТР-зерттеу нәтижесі бойынша, 9 сәуір күні 35 адамға COVID-19 диагнозы қойылды (қамқорлыққа алынған 34 адам мен 1 қызметкер әйел)», - делінген таратылған мәліметте.

Бүгінде барлық науқас инфекциялық стационарға оқшауландырылды. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем алып жатыр. Олармен байланыста болған адамдарды анықтау және медициналық бақылау жұмыстары жалғасуда.

2020 жылдың 9 сәуірі күнгі мәлімет бойынша, Ақмола облысында 56 адамның COVID-19 жұқтырғаны расталды:
1. Целиноград ауданы – 51 жағдай;
2. Аршалы ауданы – 3 жағдай;
3. Көкшетау қаласы – 1 жағдай;
4. Шортанды ауданы – 1 жағдай.