Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына орай қазақ биінен IV Республикалық байқау өтеді

Байқау Қазақ ұлттық өнер университетінде 2012 жылдың 16-18 мамыры аралығында өтеді.
Мерекелік шара 16 мамыр күні қазылар алқасы мен қатысушылардың баспасөз мәслихатынан кейін басталады.
Жиенқұлова Шара (Гүлшара) Баймолдақызы 1912 жылы Алматыда дүниеге келді. Биші, педагог, Қазақстанның халық артисі (1938; 1936 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі). Өнер жолын Қазақ драма театрынан бастады. Тұңғыш ойнаған рөлі - Б.Майлиннің "Майдан" пьесасындағы - Пүліш. Бұдан кейін Еңлік, Қарагөз (М.Әуезовтің "Еңлік- Кебек" пен "Қарагөзінде"), т.б. рөлдерді сомдады. 1934 ж. Музыкалық драма театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ауысты. Мұнда Әуезовтің "Айман-Шолпан" музыкалық драмасында, Е.Г. Брусиловскийдің "Қыз Жібек "Жалбыр" және «Ерң тарғын» операларында ұлттық билерді орындады.
1936 ж. Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, ұлттық би өнеріміздің әсемдігіне өзге халық өкілдерін тәнті етті. Қазақтың тұңғыш ұлттық балеті - "Қалқаман-Мамырда " (1938) Мамырдың партиясын орындады. 1938 ж. "Амангелді" фильмінде Балымның рөлін экранға шығарды. Балетмейстер Л.А. Жуковпен бірлесіп И.Н. Надировтың "Көктем" балетін қойды.
Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1968). Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі " ордендерімен және медальдармен марапатталды.