Шарапованың бұрынғы бапкері спортшының жүрегінде ақау барын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Допинг қабылдағаны үшін айыпталған ресейлік теннисші Мария Шарапованың бұрынғы бапкері Джефф Таранго спортшының жүрегінде ақау болған соң, қажетті препарат қабылдағаны жайлы айтты. Бұл туралы ол Sky News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазды Lenta.ru.
«Жүрегіндегі ақау Шараповаға 15-20 минуттан артық ойнауына мүмкіндік бермеді. Оған жиі үзіліс қажет болды», - деп атап өтті Таранго. «120 градус (Фаренгейт бойынша, Цельсий бойынша 48 градус) температура кезінде ойын ойнаған кезде жүрек қызметін нығайтатын медициналық препарат қабылдамасаңыз, өліп кетуіңіз мүмкін», - деген оның сөзін келтіреді ТАСС.
Бұдан бұрын сейсенбіде Шарапованы әлемнің бірінші ракеткасы америкалық тенисші Серена Уильямс пен кәсіпкер Олег Тиньков қолдаған. Ол ресейлікке көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеп, спортшымен ынтымақтастықты тоқтатқан бірқатар компаниялардың шешімін сынға алған.