Шардара ауданындағы атыс неден басталды

None
None
  ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына қарасты Шардара ауданындағы атысқа қауын артқандар арасындағы жанжал себеп болған. Бұл туралы Достық ауылының тұрғындары айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, Достықтағы жігіттер қауын артуға жалданып жұмыс істейді. Сол күні олардың арасында Шымкенттен келген жігіт болған. Ол ауылдың жігіттеріне күш көрсетпек болғанға ұқсайды. Сөйтіп сол жерде жанжалдасып қалған. Кейіннен шымкенттік жігіт кетіп қалып, бір сағаттан соң қайта оралған. Тек жалғыз емес, бірнеше көлікпен келген. Келе салысымен ауыл жігіттеріне оқ жаудырады. Салдарынан оқ тиген бір жігіт мерт болып, тағы екеуі жарақат алған. Ал, қайтыс болған 22 жастағы жігіт биыл ғана жоғары оқу орнын тәмамдап, физика-информатика пәнінің мұғалімі болып мектепке жұмысқа орналасып жатқан екен. 

null«Ол жігіт мектепте жұмыс істеуі керек болатын. Қыркүйек басталғанша уақытша жалданып, жұмыс істеп жүрген. Біздің ойымызша, оқ ол жігітке қасақана атылған жоқ, кездейсоқ тиген», - дейді Достық ауылының биі Жора Аманов.

Достық ауылының тұрғындары мұздай қаруланғандардың қолында тапанша, бесатар, қосауыз болған деп отыр. Олар 5 көлікпен келіп, айдалада жұмыс істеп жүрген жігіттерді атқан. Қазір жараланған екі ауыл жігіті ауруханада ем қабылдап жатыр. Өңір полицейлері болса, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген екі сезіктіні ұстаған. Қалған күдіктілер іздестіріліп жатыр.

null«Ұсталғандардың бірі Түркістан облысының, екіншісі Шымкент қаласының тұрғыны. Соңғысынан аңшы мылтығы алынды. Ол қару есепте жоқ болып шықты. Одан бөлек, тағы алты күдіктінің тұлғасы анықталды. Оларға іздеу жарияланды. Қазіргі таңда осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптарымен тіркеуге алынып, тергеу амалдары жүргізілуде»,- дейді Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова. 

Еске салайық, біз бұған дейін Шардара ауданының Достық ауылында диқандар арасында атыс болып, бір жігіт қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram