Шардара ауданындағы елді мекендерге газ бен ауыз су берілді

ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Шардара ауданында төрт ауылға көгілдір отын, үш елді мекенге ауыз су берілді.

Шардара ауданындағы елді мекендерге газ бен ауыз су берілді

Салтанатты шараға аудан басшылығы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл күні ауданның Мұнай база, №14 Бекет және Ақберді елді мекендерінде тұратын 1600-ден аса тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Аудан әкімдігінің тапсырысымен жоспарланған құрылыс жұмыстары аяқталып, үш елді мекендегі 284 үйге су таратыла бастады. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай жергілікті халықты бүгінгі мерекемен құттықтап өтті.

«Ағымдағы жылы аудандағы 25 елді мекеннің 18-і, яғни 13442 отбасы немесе 76,83 мың адам орталықтандырылған құбыр суымен қамтылды. Сондай-ақ, келесі жылға Шардара қалалық бас су торабын қайта құру және Қызылқұм ауылының су торабын орталықтандыру бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда»,-деді Қайрат Жолдыбай.

Бұл күні сондай-ақ, Ақалтын, Сүткент, Қызылқұм және Достық ауылдары көгілдір отынға қосылды. Көп жылдардан бері газға қол жеткізе алмай келе жатқан тұрғындардың қуанышына аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев та ортақтасып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

«Тәуелсіздік күні қос қуанышқа кенеліп отырсыздар. Ауданымызда атқарылып жатқан барлық жұмыстар тыныштығымыздың, осы аудан халқының бірлігінің арқасы деп білемін»-деді Бауыржан Шомпиев.

Айта кетсек, бүгінгі күні аудан аумағындағы 25 елді мекеннің 7-і көгілдір отынмен қамтылған. Келер жылы тағы 4 елдімекенге газ беріліп, одан кейін 5 ауылға құбырлар тарту жұмыстары жоспарлануда.