Шардара қаласынан шығатын лас кәріз суларының Сырдарияға қосылып кету қаупі бар
АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шардара қаласынан шығатын лас кәріз суларының Сырдарияға қосылып кету қаупі бар.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Орынбай Рахманбердиев осылай мәлім етті.
«Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласында бүгінгі күні 30 мыңнан астам халық тұрады. Қаланың 70 жылдары салынған сарқынды су жүйелері қазіргі күні толық істен шыққан. Кәріз сулары ашық сүзгі алаңында жиналады. Бұндай жиынды лас судың Сырдария өзеніне түсу қаупі туындап отыр. Сондықтан да, бұл жағдай инфекциялық аурулардың өршуіне себеп болып, экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін. Ендеше, оңтүстіктегі кезек күттірмей шешетін мәселенің бірі осы», - деді сенатор. Осыған байланысты О. Рахманбердиев, бюджеттен ағымдағы жылы аталған проблеманы шешуге тиісті қаражат бөлуді сұрады. Кететін шығын 1 млрд. 133 млн. теңге шамасында есептеліпті.