Шардара мен Көксарай су қоймалары әлі көп мөлшерде су қабылдай алады - маман

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Оңтүстік өңірлердің өзендерінде мол судың қаупі туралы ақпарат тарағаннан кейін «ҚазАқпарат» тілшісі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясынан мән-жайды біліп қайтқан еді.

Шардара мен Көксарай су қоймалары әлі көп мөлшерде су қабылдай алады - маман

Инспекция басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітовтің айтуына қарағанда, дариядағы жағдай қалыпты. «Бүгінгі  таңда Сырдарияға келер судың  бас  қоймасы саналатын қырғыз еліндегі Тоқтағұлда 16 млрд 430 млн текше метр су қоры бар.  Одан төмен қарай секундына 789 текше метр су босатылуда. Өзіміздегі Шардара су қоймасына 2 млрд 359 млн текше метр су жиналды. Ал Көксарай су реттегіші 1 млрд 287 млн текше метр су қабылдап үлгерді», - деді Ж. Нұрсейітов.

Оның айтуынша, Шардара мен Көксарай су реттегіштерінің әлі көп мөлшерде су қабылдау мүмкіндігі бар.

«Сондықтан, қазіргі таңда Қызылорда су торабынан секундына 445 текше метр судың өтіп жатқаны қауіп тудырмайды», - деп атап өтті Жұмахан Нұрсейітов.

Бұл күндері Қызылорда қаласы тұсындағы Сырдария өзеніндегі мұз қалыңдығы 15 сантиметр болса, суық болып саналатын Қазалы ауданы маңында мұз қалыңдығы 45 сантиметрге жеткен. Өтіп жатқан су мөлшері аса көп емес.