Шардара су қоймасына қосымша арна салу егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының апаттық жағдайда су ағызатын қосымша арна салу туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шардара су қоймасынан өткізу қабілеті 1 500 м3/сек апатты су төгіндісін салу мәселесі оның орындылығы мен экономикалық құрамдас бөлігі тұрғысынан егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді», - деп жазылған Үкімет басшысының депутаттық сауалға жолдаған жауабында.
Әлихан Смайылов келтірген мәлімет бойынша, кейінгі жылдары Шардара су қоймасына келіп түсетін судың қарқыны секундына 2 000 текше метрден аспайды. Демек, әзірге оның су ағызу қабілетін 3500 текше метрге жеткізу қажеттілігі туындап тұрған жоқ.
«Шардара су қоймасынан апатты су төгу жобасы 3 500 м3/с артық ағын болған жағдайда су қоймасынан суды авариялық өткізуді көздейді. Қазіргі уақытта Шардараның жалпы ағызу қабілеті – 2 000 м3/с. Бұл ретте соңғы уақыттағы орташа көпжылдық деректер Шардараға түсетін ағынның 2 000 м3/с аспайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, жоба 40-50 млрд теңге болады», - деп жазады Премьер-Министр.