Шардара су қоймасында мөңке және сазан балықтар қырылып жатыр

ШАРДАРА. ҚазАқпарат - Шардара су қоймасында балықтар жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шардара су қоймасында мөңке және сазан балықтар қырылып жатыр

Бұл жайында балық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, 5 сәуірдегі рейд барысында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Түркістан балық инспекциясы бөлімінің балық инспекторлары Шардара су қоймасының №2 учаскесінің жағасында («Vita» ЖШС-не бекітілген) балық шабақтарының жиналып қалғанын көрген.

Олар балықтардың қырылу фактісін тіркеді.

Көзбен шолып қарау кезінде шабақтардың қабыршақты жамылғысында өзгеріс бары белгілі болды.

Оның көбі - мөңке және сазан балықтар. Балық инспекторлары мен қорықшылар салмағы орта есеппен 50-60 грамм болатын 4 кг шабақ жинады.

Және оларды утилизациялау жұмыстарын ұйымдастырды.

Шардара қаласы бойынша ветеринария қызметі зерттеу үшін шабақтардың сынамасын алды.

«Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы олардың қырылу қаупі және өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл схемасына сәйкес бүкіл мүдделі органдарға хабар берді. 6 сәуірде Түркістан облысы бойынша экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы су мен балықтан сынама алуды жоспарлап отыр», - дейді Аслан Жеңісұлы.

Зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша қорытынды әзірленеді.

Айта кетейік, Шардара су қоймасы Түркістан облысы аумағындағы Сырдария өзенінде орналасқан. 1966 жылы салынған.

Су қоймасы 4 учаскеге бөлінген және кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін төрт пайдаланушыға бекітілген.