Шардарада ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды
Ұландар саябағының ішінен демеушілердің және жеке азаматтардың есебінен ауған соғысына қатысқан азаматтардың құрметіне ескерткіш тұрғызылды. Ауыл ақсақалдары мен ауған соғысының ардагерлері, Семей сынақ алаңында болған азаматтар алдында аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов құттықтау сөз сөйледі.
«Ауған соғысының зардабын ел ұмытпайды. Осынау сұрапылға біздің елімізден 22000-нан астам адам қатысып, 900-ден астам жауынгер қыршындарынан қиылды. Біздің ауданның өзінде 100-ден астам азамат Ауғанстанда интернационалдық борыштарын өтегендері белгілі болып отыр. Солардың ішінде Мұхтар Оразбеков пен Тимирьян Сұлтанғараев есімді боздақтарымыз жат жерде ерлікпен қаза тауып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Тағы да 7 азамат соғыс салған жарадан бертінде қайтыс болды. Интернационалдық борыштарын адал өтеп қайтқан жерлестерімізге мәңгілік құрмет көрсету мақсатында осындай ескерткіш тұрғызып жатырмыз», - деді Бақтыбай Қиянбекұлы. Мұнан соң аудандық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Тәңірберді Ағманұлы, облыстық «Жергілікті соғыс және ауған ардагерлері одағы» бірлестігі төрағасының орынбасары Әділхан Нұрсейітовтер сөз алып, әлемде соғыс болмасын деген тілектерін жеткізді.
Биік етіп салынған ескерткіштің бір бөлігінде ауған соғысына қатысқан шардаралық азаматтардың есімдері қашап жазылған. Оның сол жағында «1979-1989 жылдары Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын адал атқарған шардаралықтарға арналады» деп айшықтап жазған. Ескерткіштің жамылғысы сыпырылып, салтанатты жағдайда ашылған соң азаматтар саябақ ішіне шырша көшеттерін отырғызды.