Шардарада аурухана әкімшілігі 1 келі макоронды 4800 теңгеден алмақ болған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Еріктілермен бірге мемлекеттік сатып алу порталында бағаны бақылау бойынша мониторинг жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында 3,2 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделді. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Мұрат Төлеубаев мәлімдеді.
Мәселен, Шардара орталық аудандық ауруханасы 2 600 теңге тұратын глютенсіз спагетти макарон өнімдерінің 1 келісін 4 800 теңгеден алуды жоспарласа, Түлкібас аудандық орталық ауруханасы нарықтағы бағасы 439 900 теңге тұратын көшіру аппаратын 9,4 млн теңгеге сатып алуды көздеген.
Сонымен бірге, Түркістан қаласы, Қазығұрт және Мақтаарал аудан әкімдіктерімен жоспарланған 9 қызметтік көліктердің бағасы қайта қаралып, нәтижесінде 98,6 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.
«Мемлекеттік сатып алуды аса жоғары бағамен алуды жоспарлаған мекемелерге бағаны қайта қарау туралы ұсыныстар жолданып, бағалар медиандық баға тұрғысынан қайта қаралды» — деді Мұрат Төлеубаев.
Сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуда әкімшілік жауапкершілік бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Жыл басынан бергі 9 айда жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 10 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 6,6 млн теңге айыппұл салынған.