Шардарада шағынаудан салынып жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО Шардара қаласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа шағын аудан бой көтеріп келеді, деп хабарлайды Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шардарада шағынаудан салынып жатыр

Қазір мұнда тұрғындарға ең қажеттісі - жол салу мен инфрақұрылым жүйесін тарту ісі қарқын алған. Шағынауданның өз мектебі де болады. Шардара халқының саны 30 мыңға жетіп жығылады. Жаңа мөлтекауданның салынуымен 150 тұрғын үй иесінің әлеуметтік мәселесі шешілмек. Қазір қажетті жер теліімдері берілді. Құрылыс та басталып кеткен. Оған Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 140 маман мен 23 техника жұмылдырылған. 68-і жергілікті тұрғын болса, 18 студент іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Мұнда 9 шақырымдық 10 көше түседі. 15 мың шаршы метр жердегі аяқ жол құрылысы аяқталуға жақын. Бұл мақсатта жергілікті әкімдік тарапынан бақылау күшті.

Шардара аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының  міндетін атқарушы Нұрғали Мырзахметовтің айтуынша, құрылыстың сапасына күнделікті жауап беретін техникалық қадағалаушысы бар. Аудан әкімі де жұмыстың барысын тұрақты бақылауға алып отырған көрінеді. Алдағы күндерге жоспарланған ауқымды істер көп. «Алатау батыр» елді мекені деп аталатын жерде 900 орындық заманауи мектеп ашылады. 3 ауылдық округте 3 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Құжаттары рәсімделіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.