Шардж басшысы Мысырда қаза болғандардың отбасыларына жәрдем ретінде 2 миллион АҚШ доллар көлемінде қаржы бөлді
ӘБУ-ДАБИ. 22 тамыз.ҚазАқпарат - Бірікке Араб Әмірліктерінің жоғары кеңесінің мүшесі, Шардж әмірлігінің басшысы шейх Сұлтан бин Мұхаммед Әл Қасими 2 миллион АҚШ долларын Мысырдағы саяси оқиғаларда қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету қорына аударды.
«ONTV» Мысыр арнасының таңғы шоу бағдарламасының жүргізушімен телефон арқылы сөйлескенде шейх Сұлтан Әл Қасими: «Мысырдағы болған жағдайлар қырық жыл бойы әбден ойластырылған қаскүнемдіктің салдары. Оның мақсаты - надандықты үгіттеу, халықты аштыққа итермелеу және бірегей Мысыр тарихын жою». Эфирдің жалғасында Шардж басшысы Мысыр халқын «өз революциясына берік болуын шақырды, себебі Мысыр варварлық шабуылға қарсы араб әлемінің қорғанышы». Өзінің соңғы айтқан сөздерінің астарында доктор Сұлтан бин Мұхаммед Әл Қасими Мысырдағы «Мұсылман бауырлар» қауымдастығының саяси әрекетін меңзеген болу керек.
Шардж әмірі мысырдың жаңа билігіне Әмірліктер атынан қолдау білдірді. Шейх Сұлтан сонымен қатар Синай түбегіндегі Рафах шекаралас қаласының маңында орналасқан Мысыр ауылдарында жаңа мешіттер құрылысын қаржыландыруға тапсырма берді. Мұсылман мешіттеріне осы аптаның басында лаңкестердің жасаған шабуылдарынан қаза болған 25 Мысыр солдаттарының есімдері беріледі.