Шарджа әуежайында қалып қойған жолаушыларға билет құны толық өтеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шарджа әуежайында қалып қойған жолаушыларға билет құны толық өтеледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шарджа әуежайында қалып қойған жолаушыларға билет құны толық өтеледі

«Ауа райының қолайсыздығы, қалың тұман мен көріну деңгейінің төмендігіне байланысты 2017 жылдың 29, 30, 31 желтоқсан күндері «Эйр Арабия» әуе компаниясының Шарджа-Астана-Шарджа, Шарджа-Алматы-Шарджа бағытындағы рейсі Шарджа қаласынан және «Флай Дубай» компаниясының Дубай-Алматы-Дубай бағытындағы рейсі Дубайдан ұшып шыға алмады», - деді ол.

Министрдің дерегіне сәйкес, ұшақтардың кідіруі салдарынан Қазақстанға келмек болған шамамен 500 жолаушы зардап шеккен.

«Орын алған жайтты шешу үшін министрлік мынадай шаралар қабылдады: Сыртқы істер министрлігімен, әуе компанияларымен, әуежайлармен, туристік операторлармен, қауымдастықтармен бірге жедел штаб құрылды. Біз көшпелі туризм саласында қазақстандық азаматтардың құқығына кепіл беретін жүйе механизмін іске қостық. Біз қаулыны желтоқсан айының басында қабылдадық және 31 желтоқсанда «Туристік қамқор» корпоративтік қорының кепілімен «Шарджа-Астана-Шарджа» бағыты бойынша қосымша рейспен 300 адамды шұғыл елге жеткізуді ұйымдастырдық. Қалған жолаушылар басқа әуе компанияларының, негізінен «Эйр Астананың» тұрақты рейстерімен жеткізілді», - деді Қасымбек.

Ол әуежайда кідіріп қалған жолаушылар қонақ үйлерге орналастырып, тамақпен қамтамасыз етілгендігін атап өтті.

«Әуе компаниясының ақпараты бойынша рейстері ұшпай қалған жолаушыларға тарифтік толық сомасы қайтарылатын болады. Біз Әмірліктердің мемлекеттік органдарына сәйкесінше ресми нота жібердік, «Эль Арабия» әуе компаниясы 23-24 күндеріне Астанаға шақырылды. Біз зардап шеккен барлық жолаушыларға тариф құнын толық өтеу бойынша келіссөз жүргіземіз», - деді ол.