Шарджада апалы-сіңілі екі қыз қаза тапты: СІМ мән-жайды анықтауға кірісті
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында бір үйдің екі қыз қаза тапты. ҚР Сыртқы істер министрлігі қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қаза тапқан қыздардың мәйітін елге қайтару үшін көмек сұраған жазбалар жарияланған еді.
— ҚР Сыртқы істер министрлігі Шарджа қаласында (БАӘ) қаза болған Қазақстан Республикасының азаматтары Ақжан Боханова мен Жұлдыз Боханованың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр, оның ішінде тиісті құжаттарды рәсімдеуге және Қазақстан азаматтарының қаза болу мән-жайларына қатысты Әмірліктердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесіп жатыр, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
БАӘ-нің құзыретті органдары оқиғаның мән-жайларын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты қазіргі уақытта қосымша ақпарат жария етілмейді.
— ҚР СІМ қаза болғандардың отбасыларымен тұрақты байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетіп жатыр, — дейді ҚР СІМ.
Бұған дейін Солтүстік Кипрде пышақ жарақатын алып, ауруханаға түскен 22 жастағы бойжеткеннің Қазақстан азаматы еместігі анықталған еді.