Шарын ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген жануарлардың ұшасы табылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы заңсыз аңшылыққа қатысты қылмыстық іс тіркелді.

Шарын ұлттық паркінде 5 қарақұйрық өлі табылды
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, 7 қарашада мемлекеттік инспекторлар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат қорғауға бағытталған күшейтілген рейд жүргізді. Оның барысында «Шонжы – Көкпек – Алматы» автожолында күдік тудырған автокөлік тоқтатылған.

- Алдын ала мәлімет бойынша көліктегі азаматтардың 6 қарашада Шарын ұлттық паркі, Темірлік аумағына жақын жерде заңсыз аңшылық жасауға қатысы болуы мүмкін. Оқиға орнында қарақұйрыққа ұқсас 5 жануардың ұшасы табылды. Олардың нақты түрі мен жынысы сараптама нәтижесінде анықталады, - деп хабарлады комитеттен.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына (жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты жасалған заңсыз аңшылық) сәйкес қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта азаматтардың оқиғаға қатысы бар-жоғы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, Каспийде 88 шақырым браконьерлік ау мен 11,5 келі есірткі тәркіленді.