15:22, 28 Маусым 2018 | GMT +5
Шартты түрде сотталған қазақстандық Ресейде жасырынып жүрген
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің араласуымен шартты түрде сотталған қазақстандық азамат Ресейде ұсталды. Оған 2017 жылдың қыркүйек айында іздеу жарияланған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, 2017 жылы 35 жастағы азамат Орал қаласында мас күйінде жол-көлік апатын жасағаны үшін 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Сонымен қатар 3 жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылған ол пробациялық бақылауға да алынған.
Алайда жазасын өтеуден жалтарған азамат белгісіз бағытта бой тасалаған.
«2017 жылдың қыркүйегінде сот қаулысымен оған іздеу жарияланды. Бағыттама бірқатар көршілес елге де жіберілді. ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің араласуымен таяуда РФ Орынбор Ішкі істер басқармасының қызметкерлері «қашқынды» қолға түсірді. Халықаралық актіге сәйкес сотталушыны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіледі», - делінген комитет ақпаратында.