Шаруа қожалықтарының қызметіне арналған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлдады.

Шаруа қожалықтарының қызметіне арналған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

Аталған жобаның әзірлену өзектілігі шаруа қожалықтары қызметтерін реттеу қажеттілігінен туындаған. Осыған орай жер кодексіне және «шаруа (фермер) қожалығы туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Бірінші қоылымда талқылау барысында депутаттардың ұсыныстары бойынша заң жобасынан шаруа қожалығының мүлкін сатқан немесе сыйға берген жағдайда сатып алуға уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын беруді көздейтін нормалар алынып тасталды. Сонымен бірге шаруа қожалықтарының мақсаты үшін жертелімдерін беру рәсімдерін оңайлату, азаматтардың аталған мақсаттар үшін жер алуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған толықтырулар жасалды. Бұдан бөлек заң жобасымен жер теліміне тиісті құқық алу үшін берілетін қажетті құжаттар тізбесі де қысқартылды. Сонымен қатар депутаттық корпус қолданыстағы шаруа қожалықтарын сатып алатын және бұл орайда арнаулы ауылшаруашылық білімі мен біліктілігі бар азаматтарға жер учаскесін сатып алуға басым құқықтар беруді ұсынды. Бұл түзетулерге Үкіметтің оң қорытындысы алынған.

Екінші оқылым бойынша мақұлданған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.