Шаруа және фермерлік қожалықтардың қызметіне қатысты құжат Мәжілісте қаралатын болды

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте қаралатын болды.

Шаруа және фермерлік қожалықтардың қызметіне қатысты құжат Мәжілісте қаралатын болды

Бүгін аталмыш заң жобасын Сенаттың жалпы отырысында талқылаған сенаторлар осындай байламға келді. Аталмыш заң жобасына байланысты арнайы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы Евгений Аманның айтуынша, еліміздегі фермерлік және шаруа қожалықтарының арасындағы бірқатар қызметтерді реттеу мақсатында осындай заң қабылдау қажет болып отыр. «Заң жобасы Жер кодексі мен «Шаруа және фермерлік қожалықтары туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді керек етеді. Біріншіден, құжат ауыл шаруашылығына бағытталған, бірақ қандай да бір ғимарат орналасқан жер телімінің құнын анықтау тәртібін бекітеді. Екіншіден, ол шаруа немесе фермерлік қожалықтары бар азаматтардың жер телімдерін алу тәртібіне қатысты мәселелерді реттейді. Үшіншіден, заң жобасы шаруа немесе фермерлік қожалық иелерінің құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі қарастырады. Бұл өз кезегінде азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғап, еңбек тәртібін талап етіп, еңбек пен ол үшін төленетін жалақының әділетті болуы қамтамасыз етеді», - деді Жауапты хатшы.

Заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымда оған қатысты өзара пікір алмаса келе, құжатты Мәжіліске қайтару қажет деп шешті.