Шаруалар қосалқы техникаларды тиімді шарттармен сатып алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ендігі кезде фермерлер негізгі техникаға жалғанатын шөп шапқыштан бастап пұлыққа дейінгі қосалқы құрал-жабдықтарды тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бүгін Астанада «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Агроөнеркәсіп кешеніндегі кредитттік серіктестіктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, Лизинг компаниялардың қауымдастығы мен «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ басшылары фермерлер үшін қосалқы ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді шарттармен сатып алуға бағытталған төрт жақты келісімге қол қойды.
«Осы қол қойылған келісімге сәйкес, ауыл шаруашылығына қажетті тіркемелі және қосалқы құрал-жабдықтарды сатып алуға зор мүмкіншілік туады. Жем-шөп дайындайтын, мал шаруашылығына арналған қосалқы техникалар арзандатылған 5,5 пайызбен несие беріледі. Бұл несиенің артықшылығы - қаражат тек қана «Аграрлық несиелер корпорациясы» АҚ арқылы ғана берілмейді. Несиелік серіктестіктер мен лизингтік компаниялар арқылы беріледі. Өздеріңіз білетіндей, корпорация 2001 жылдан бері несие берумен айналысады. Қазіргі таңіда 180-нен астам шаруа қожалықтары республика бойынша жұмыс атқаруда», - дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев.
Аграрлық несие корпорациясының «Агротехника» бағдарламасыаясында шаруалар жаңа аспалы немесе тіркемелі топырақ өңдейтін, азық дайындайтын техникаға, ауыл шаруашылық дақылдарын құрғату мен қазып алужабдықтарына, мал шаруашылығына қажетті құрал жабдықтарына ие бола алады. Яғнишаруалар отандық техниканы ҚР барлық облыстары мен аудандарында кредиттік серіктестіктер мен лизинг компаниялары арқылы сатып алуына жағдай жасалады.
«Мемлекеттік басты бағыты - осы жеке лизингтік компаниялардың дамуына көмек жасау. Өтінім берушілер үшін қосалқы техникаларды сатып алу үшін 5,5 пайызбен 5 млрд теңге бөлінді. Егер кепілдікке келетін болсақ, лизинг болғандықтан компаниялардың өзінің ережелері болады. Біздің айтатынымыз - бастапқы жарна 15 пайыз болуы керек. Осы сатылып алынған құрал-жабдықтардың өзін немесе 20 пайыз бастапқы қаржы жұмсау арқылы шаруалар кепілдік қоя алады. Бүгінгі таңда дәл осы жер жыртатын, егістікпен айналысатын, жем-шөп жинайтын құрал-жабдықтар шаруаларға өте қажет», - деп түйді корпорация басшысы.