Шаруаларды қолдауға жүздеген млрд қаражат бөлінеді – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мал шаруашылығын қолдауға Аграрлық несие корпорациясы арқылы 84 млрд теңге бюджет кредитін бөлу ұсынылды. Сонымен қатар осы салаға ұзақ мерзімді қарыз ретінде 270 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, шаруаларды ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін бюджет және коммерциялық қаражатты ұштастыру тетігі қолданылады. Бұл қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат жеткіліксіз болғанда да шаруаларды уақытылы қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта «Бәйтерек» холдингі купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды жалғастырып, оны агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруге бағыттауы қажет.
– Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы ұзақ мерзімді қарызға 270 млрд теңге, ал 2027 жылға 220 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде мал сатып алуға қазіргі уақытта 64,2 млрд теңге бағытталған. Белгіленген мақсаттарды толық іске асыру үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы мал шаруашылығын қолдауға 84 млрд теңге бюджет кредитін бөлу қажет, – деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ, Қазақстанның Даму Банкі арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруға 2026 жылы 35 млрд теңге бөлінуі қажет.
Отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту тапсырмасын орындау үшін биыл ҚазАгроҚаржы арқылы бюджеттік кредитке 50 млрд теңге бөлуді қамтамасыз ету қажет.
Бұдан бөлек, Құрылтай депутаттары ҚазАгроҚаржыға қосымша 37,5 млрд теңге бөлуді ұсынды. Бұл 2027 жылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 200 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.
– Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату аясында 2027 жылы мал сатып алуға жеңілдетілген кредит беру үшін қосымша 50 млрд теңге бөлу ұсынылды. Қаржыландыру сенім білдірілген агент арқылы жүзеге асырылады, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шаруаларды инвестициялайтын пәрменді тәсіл енгізуді тапсырған еді.
Сонымен бірге Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беру керегін айтты.